Кондиционерден шынымен ауырып қалуға бола ма?

Бүгін, 18:15 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Жаз сайын кондиционер денсаулықтың «жауы» деп айтыла бастайды. Суық ауа астында біраз отырсаң болды, тамақ ауырып, мұрын бітеліп, «суық тиеді» деген пікір қалыптасқан. Бірақ мамандар кондиционердің өзі тұмау тудырмайтынын айтады, деп хабарлайды turkystan.kz health.mail.ru-ға сілтеме жасап.

ЖРВИ мен суық тию ауруларын кондиционер емес, вирустар қоздырады. Дегенмен кондиционер ағзаның қорғанысын әлсірететін жағдайлар жасауы мүмкін.

Негізгі себептердің бірі – ауаның құрғауы. Кондиционер жұмыс істеген кезде бөлмедегі ылғал азайып, мұрын мен тамақтың шырышты қабаты кебеді. Қалыпты жағдайда бұл қабат вирустарды, шаңды және аллергендерді ұстап қалатын табиғи тосқауыл қызметін атқарады. Ал шырышты қабат құрғағанда қорғаныс әлсірейді.

Сондықтан мамандар бөлмедегі ылғалдылық деңгейін 40–60% шамасында ұстауға кеңес береді.

Тағы бір мәселе – лас фильтрлер. Егер кондиционер ұзақ уақыт тазаланбаса, ол бөлме ішінде шаңды, аллергендерді және микроағзаларды таратуы мүмкін. Ал аллергиясы, демікпесі немесе тыныс жолдары сезімтал адамдарда жөтел, мұрыннан су ағу және тамақтың қышуы пайда болуы ықтимал.

Кей адамдар кондиционерден «легионерлер ауруын» жұқтырудан қорқады. Алайда мамандар тұрмыстық және автокөлік кондиционерлерінде мұндай қауіп өте төмен екенін түсіндіреді. Легионелла бактериясы су ортасында – мысалы, субұрқақтарда, душ жүйелерінде немесе ірі салқындату жүйелерінде көбейеді. Ал кәдімгі кондиционер ауаны су шашу арқылы салқындатпайды.

Ал «суық өтіп кетті» деген түсінікке келсек, салқын ауа бұлшықеттердің тартылуына, мойынның ауыруына, бас ауруына немесе тамақтың жыбырлауына себеп болуы мүмкін. Бірақ вирустың қатысуынсыз нағыз тұмау пайда болмайды.

Мамандардың айтуынша, адамдар кондиционерден кейін ауырдым деп ойлайтын жағдайлар көбіне бірнеше фактордың қабаттасуынан болады: құрғақ ауа, температура айырмасы, шырышты қабаттың тітіркенуі және вирусты алдын ала жұқтырып қою.

Тэгтер:

суық тию кондиционер