Кейінгі жылдары Сыр өңірінің келбеті айтарлықтай өзгеріп келеді. Әсіресе, Сырдарияның сол жағалауында бой көтерген жаңа ықшамаудандар өңірдегі құрылыс жұмыстарының ауқымдылығын аңғартады. Оның ішінде заманауи сәулет үлгісіндегі көпқабатты тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар мен инженерлік инфрақұрылымдар қаланың жаңа тынысын қалыптастыра түсті.
Сырдың жағасына қоныстанған өңірде халықты тұрғын үймен қамтуға баса мән беріле бастады. Жыл санап қатары артқан жаңа тұрғын үй кешендері – осы жүйелі жұмыстың нақты көрінісін байқатады.
Сырдың бас шаһарында заманауи үлгідегі тұрғын үйлермен қатар, мектептер, балабақшалар, денсаулық сақтау және кәсіпкерлік нысандары қаз-қатар бой түзеп келеді. Мәліметке сәйкес, бүгінде қаланың сол жағалауында 169 нысан орналасқан. Оның ішінде осы кезге дейін 136 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілген. Сонымен қатар тұрғындарға қызмет көрсететін 20 әлеуметтік және 13 кәсіпкерлік нысан жұмыс істейді.
Қазір бұл аумақта 47 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның 25-і көпқабатты тұрғын үй болса, 20-сы кәсіпкерлік нысан. Бұдан бөлек бір аурухана мен емхана ғимараты салынып жатыр.
Келешекте инфрақұрылымды дамыту мақсатында қаладағы Иса Тоқтыбаев көшесінен сол жағалауға өтетін төрт жолақты жаңа автомобиль көпірін салу да жоспарда бар. Бұл жаңа аудан тұрғындарының қауіпсіз әрі ыңғайлы қатынауына мүмкіндік береді.
Қызылорда облысы әкімдігінің мәліметіне сәйкес, сол жағалаудағы жаңа шағын ауданда 25 мыңнан астам адам тұрады. Мұнда мектептер мен балабақшалар, сауда орындары мен қоғамдық қызмет көрсету нысандары халық сұранысына сай жұмыс істеп тұр. Қоғамдық көлік қатынасы да толық жолға қойылған.
Аймақтың басты жаңалығының бірі – Қызылорда қаласының сол жағалауында бір күнде 600 отбасына жаңа пәтер кілтінің табысталуы болды. Бұл кезекті қоныстой ғана емес, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы маңызды оқиға ретінде бағаланып отыр.
Салтанатты рәсімге облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, Сенат және Мәжіліс депутаттары Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, облыстық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысып, игі тілектерін арнады.
Қоныстой рәсімінде Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев Мемлекет басшысының тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамту жөніндегі тапсырмалары аймақта жүйелі орындалып жатқанын атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қолжетімді баспана – арман емес, біздің азаматтарымыздың алдындағы міндетіміз» деген болатын. Бүгін тұрғын үй кезегінде тұрған жерлестерімізге жалпы аумағы 33 мың шаршы метрден асатын 600 пәтердің кілтін табыстап отырмыз.
Тұрғын үй кешенінің аумағында екі футбол алаңы, төрт спорт және балалар ойын алаңы, тынығу аймағы, 250 орындық автотұрақ және үш коммерциялық нысан орналасқан. Алдағы уақытта да шаһардың келбетіне сән беретін жаңа тұрғын үйлер бой көтере береді, – деді өз сөзінде аймақ басшысы.
Жиын барысында Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов құттықтау сөз сөйлеп, ел ағасы Имамадин Зәкірұлы ақ батасын берді. Сонымен қатар жаңа тұрғын үйлердің сапалы әрі уақытылы салынуына үлес қосқан құрылысшылар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Жаңа тұрғын үйлер Қызылорданың сол жағалауындағы заманауи тұрғын үй кешенінде орналасқан.
Салтанатты іс-шарада пәтер кілтін алған 600 отбасы осы жаңа ауданның тұрғыны болғандарына ерекше қуанды. Әсіресе, ұзақ жыл бойы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар үшін бұл күн ұмытылмас сәтке айналды.
Негізінен, елімізде жыл санап халықты баспанамен қамту мәселесі мемлекет саясатының негізгі басымдықтарының біріне айналып келеді. Соның негізінде Қызылорда облысында да мыңдаған отбасының баспана мәселесі кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Биыл Қызылорда қаласының сол жағалауындағы «Тұран» тұрғын үй кешенінің алғашқы 7 қабатты үйі пайдалануға берілді. Жалпы, аумағы 24 мың шаршы метрді құрайтын бұл кешенде 380 пәтер бар. Жаңа кешендегі пәтерлер облыс әкімінің қатысуымен түрік инвесторы, аймақтағы жылу электр орталығының құрылысын жүргізген «Акса Энерджи Қызылорда» компаниясының жұмысшыларына салтанатты түрде табысталды.
Ал Отан қорғаушылар күні қарсаңында 240 пәтерлік 6 көпқабатты үй пайдалануға берілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел бірлігі мен татулық туралы ұстанымына сәйкес өңірде қарқын алған құрылыс жұмыстарының әрбірі халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған. Осы арқылы Сыр топырағында тұрмыс кешіп жатқан әр отбасының тұрақтылығы, ертеңге сенімі мен әлеуметтік ахуалын арттыруға негіз қаланып отыр.
Аймақта тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамту мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Биылдың өзінде 2 400 пәтерді халық игілігіне беру жоспарланған. Осы мақсатқа бюджеттен 55 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген.
Сарапшылардың пікірінше, Қызылордадағы құрылыс қарқыны өңір экономикасына да оң әсер етуде. Біріншіден, жаңа құрылыс нысандары жүздеген адамды жұмыспен қамтыса, екіншіден, инженерлік инфрақұрылымның дамуы қаланың инвестициялық әлеуетін арттыруға оң ықпалын тигізуде. Сондай-ақ тұрғын үй қорының көбеюі әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға сеп.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы