Астанада IV Халықаралық Қазақстан музей конгресі мен «Қазақстан – Франция 2026» Музеология форумы өтті. Үш күнге созылған халықаралық жиынға Қазақстанмен қатар Франция, АҚШ, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғыз Республикасынан жетекші сарапшылар, музей директорлары мен ғалымдар келді. Қатысушылар тарихи-мәдени мұраны сақтау, музей ісін дамыту, виртуалды көрмелер, мәдени дипломатия, музей қорларын цифрландыру, 3D визуализация мәселелерін талқылады. Форум аясында шеберлік сабақтары, секциялық отырыстар және халықаралық кездесулер ұйымдастырылды.
Мамандардың айтуынша, бүгінде музейлер жәдігер сақтайтын орын ғана емес, инновация мен халықаралық ынтымақтастықтың маңызды алаңына айналған.
Іс-шара тарихи-мәдени мұраны сақтау, музей ісін дамыту, инновациялар мен цифрлық жаңғыру мәселелеріне арналды. Форумның ашылуында Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жиынның Мәдениет және өнер қызметкерлері күні қарсаңында өтіп отырғанын атап өтіп, оның музей саласындағы кәсіби байланысты нығайтудағы маңызына тоқталды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәдени мұраны сақтау және насихаттау мәселесіне айрықша көңіл бөліп отырғанын айтты.
Форумның негізгі бағыттарының бірі – Қазақстан мен Франция арасындағы музей саласындағы ынтымақтастықты дамыту.
– Біз бұл форумға өз саласының білікті мамандарын жинадық. Олар өз тәжірибесін, музейге келушілердің қызығушылығын арттыру, туристер мен тұрғындарды көбірек тарту, көрмелерді мазмұнды әрі тартымды ету жолдарын ортаға салады. Сондықтан бұл кездесу – мәдениет саласындағы екі ел арасындағы жоғары деңгейдегі байланысты одан әрі нығайтатын маңызды алаң, – деді Францияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Сильван Гиоге.
Мәдени іс-шараға Қазақстанның барлық өңірінен музей мамандары да қатысты.
– Бұл форумға қатысып отырғанымызға қуаныштымыз. Қазақстан – тарихи мұраға бай мемлекет. Сонымен бірге, ел аумағындағы климаттық ерекшеліктер археологиялық жәдігерлерге өзіндік әсерін тигізеді. Конгрестің басты мақсаты – музей саласының мамандарын бір алаңға жинап, халықтарымыздың тарихы мен мәдениетін бірлесіп дамытуға жол ашу. Ұлттық музей директорының айтуынша, цифрлық трансформация – бүгінде әлемдік үрдіске айналған маңызды бағыт, – деді ALIPH қорының атқарушы директоры Валери Фрелан.
Ал Айя-София тарихи музейінің директоры Мұрат Бозджу:
«Ортақ тарих пен ортақ мәдениетті насихаттайтын мұндай жобалардың маңызы зор. Тарихшылар, археологтар мен музей мамандары мұндай халықаралық іс-шаралардың қажеттілігін жақсы түсінеді. Ендігі міндет – осы бауырластық пен ортақ мәдени мұраны жас ұрпаққа кеңінен таныту. Форум осы бағыттағы маңызды алаңдардың біріне айналмақ», – деп ойымен бөлісті.
– Музей бір орнында тұрмай, дамуы керек. Ол үшін әлемдік тәжірибені зерттеу маңызды. Соның аясында осы халықаралық конгресіміз жұмысын бастады. Француз әріптестеріміздің тәжірибесін тыңдап, жалпы осы музей саласын дамытуға қатысты мәселелерді қарадық. Жасанды интеллектіге, цифрландыруға байланысты мамандарды шақырып отырмыз. Мәдениет министрлігінің қолдауымен Е-музей цифрлық жүйесі арқылы әр экспонатты кез келген адам үйде отырып көре алатын мүмкіншілік жасап жатырмыз. Бұл турасында да әлемдік тәжірибені зерттегіміз келеді. Осы форумда француздың мықты-мықты музейлерінің мамандары келіп, өз тәжірибесімен бөлісіп отыр, –деді Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің директоры Берік Әбдіғалиұлы.
Бүгінде елімізде 286 музей жұмыс істейді. Олардың қорында 4,5 миллионнан астам жәдігер сақталған. Жыл сайын ел музейлеріне 6,5 миллионнан астам адам келеді. Бұл – халықтың тарихқа, мәдениетке және ұлттық мұраға деген қызығушылығы жылдан-жылға артып келе жатқанын көрсетеді.
А.БИМЕНДІ