Бейіт басындағы бәйіт

Бүгін, 15:45 / Túrkistan Gazeti

Алатау баурайындағы Кеңсай қоры­мын­да түсірілген сурет. Қорым емес, жер қайыс­қан зират. Зират емес, қайтқандар қа­ласы. Мұны айтқан біз емеспіз. Өлең сөз­дің зергері Исраил Сапарбай: 

Қаланың ту сыртында қала жатыр, 
Бала жатыр,
Онда әзіз ана жатыр...
Ақ тер, көк тер қарбалас тіршіліктің
Ол қала үшін құны жоқ қара бақыр, – 

деп жырлайтын кәдімгі Кеңсай. Қазақтың көрнекті ақындары Мұзафар Әлімбаев пен Есенғали Раушанов зират ішіндегі жолдың шетіне жайғасып, әңгімелесіп отыр. Сірә, буыны сыр берген Мұзағаңның көңілін қимаған Есағаң ағасының жанына тізе бүгіп, аз-кем аялдаса керек. Бейіттің басы. Қа­бірдің қасы. Ұзаққа кетіп, кең көсілетін әң­гімеге ұқсамайды. Айтушы – Мұзағаң. Тың­даушы – Есағаң. Ширақ шежіреші, ел­гезек естелікші Шүкір Шахайдың мә­лі­ме­тінше, бұл 1993 жылы 17 мамырда Үн­ді­стан­да үзілген Оралхан Бөкейді жер­леу сәті. «Тағы бір қаралы топ бара жатыр, Қа­­­ланың ту сыртында қала жатыр» деп жаңа­ғы Исраил көкем қара сөзбен зерле­ген­дей, қаламгерлер қауымы ана қаладан мы­на қалаға тағзым етуге келген мезгіл. 

Ерекше қабілетті Есенғали ақын да, маң­ғаз мінезді, сергек саналы Мұзафар шайыр да қатарлары қайтқанда Кеңсайға та­лай рет келген. Жақындарын жөнелткен. Қи­мастарын қалдырған. Кейін өздері де сол ауылға аттанды. Ер көңілді Есенғали аға тұлпар тектес Тахауи Ақтановтың қа­за­­сына орай:

Ой, Кеңсай, мен қайтейін биігіңді, 
Басыңа қап-қара бұлт үйірілді. 
Теңселтіп нән кемені барады алып,
Қара су есік алды иірімді, – 

деп өлең жазып еді. Сондай-ақ «Алматы ақ­шамы» газетіне берген бір сұхбатында «Кең­сайдың жолы – қиын жол. Оны қиын­датқан – өлілер емес, тірілер» деп толғады. Дерек пен дәйек атаулыны дәптеріне да­мы­лсыз түртіп жүретін Мұзағам да бұл та­­қырыптан кенде қалған жоқ. Тұрлаусыз тір­шілік сапарында ұзақ жасаған ол Алматы сыртындағы аруақтар шаһарында та­лай құрбы-құрдасымен қимай қоштас­қан-ды. Мына бір өлеңі де сондай сырлы сәттерде туса керек:

Амалсыздан өлімге пенде болдым:
Достарымды көмгенде, мен де өлдім.
Жүзімдегі әжімді санамаңдар,
Жүрегімді неше рет жерге көмдім...

Қазақ жырының алыбы Мұрат Мөң­ке­ұлы­ның «Бәйіт еттім бұл сөзді, Қайғы ше­гіп заманнан. Заман азып не қылсын, Ай орнынан туады, Күн орнынан шығады, Мұ­ның бәрі адамнан», – деп термелеткені се­кілді Мұзағаң мен Есағаң өмірдің қилы құ­былыстарын әңгімеге айналдырып отыр ма, әлде бір-біріне бір-екі ауыз бәйіт оқып отыр ма, ол жағы белгісіз әрине. Бірақ қа­лай болғанда да бұл жерде мәнді мәселе қоз­ғалып жатқаны анық. Мұзағаңның ақын інісінің жабырқаулы жүзіне қадала қа­рап қол сермеуі, Есағаңның ардақты аға­сын қас қақпай тыңдай қалуы осыны аң­ғартқандай. Ал негізі осы бір ойлы оты­рыстың жай-жапсары жетпіс жылға жуық үзбей күнделік жазған Мұзафар ағаның тау-тау боп үйілген дәптерлерінің бірінде әде­мілеп әдіптелгеніне сеніміміз мол... Тап­са ғой соны...

Бауыржан ОМАРҰЛЫ
(Суретті түсірген Шүкір Шахай)