Осы аптада Астанада мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай «Мәдениет және инновация» республикалық форумы өтті. Іс-шараға еліміздің барлық өңірінен 600-ге жуық мәдениет қызметкері, қазақстандық және шетелдік сарапшылар, бизнес қауымдастық өкілдері, креативті индустрия мен технологиялық компания мамандары жиналды.
Форумның басты ерекшелігі – дәстүрлі оқыту үлгісінен нақты жобалар әзірлеуге негізделген тәжірибелік форматқа көшу. Алғашқы күні «Мәдениет пен бизнес: серіктестер мен брендтерге қызықты жобаларды қалай жасауға болады?» тақырыбында панельдік сессия өткізілді. Форумның екінші күні Ұлттық академиялық кітапханада жалғасты. Күн тәртібінде кітапхана ісін құқықтық реттеу, цифрлық трансформация, инновациялық даму және заманауи басқару модельдері кеңінен талқыланды.
Жиын кітапхана директоры Күміс Сеитованың «Кітапхана және кітап баспа ісін құқықтық реттеудің өзекті мәселелері» тақырыбындағы дәрісімен басталды. Баяндамашы саладағы заңнамалық өзгерістерге, кітапхана және баспа ісін жетілдіру бағыттарына тоқталып, әзірленіп жатқан заң жобасы аясындағы негізгі басымдықтарды атап өтті. Сондай-ақ қабылдануы тиіс заңға қатысты бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.
– Кітапхана және кітап шығару ісі саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейтін, құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдастырушылық негіздерін айқындайтын «Кітапхана және кітап шығару ісі туралы» заң қабылдаудың маңызы зор. Еліміздегі кітапханалардың қызметін үйлестіру үшін біртұтас уәкілетті органды анықтау, сонымен қатар сала ерекшеліктерін ескере отырып, тиісті салалық уәкілетті органдарға кітапханалардың жұмыс істеу тәртібін бекітуге арналған құзыреттерді беру керек. Барлық кітапханалардың түрлері мен типтерін жүйелеу, оларға сәйкес нормативтерді әзірлеу және анықтау да кезек күттірмейтін мәселе. Заңда кітапхана қорын толықтыру, есепке алу, сақтау, пайдалану және тозған қорларды есептен шығару ерекшеліктеріне арналған икемді негізгі құқықтық механизмдерді қарастыруымыз қажет. Сонымен қатар есепке алу, каталогизациялау, цифрландыру, сақтау және деректерді алмастыру форматтарының бірыңғай стандарттары әзірленіп, бекітілгені дұрыс. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік кітапхана қоры» ұғымын заңға енгізу қарастырылса дейміз, – деді кітапхана директоры.
Қатысушылар өзекті ұсыныстар айтып, болашақ жоспарлар нақтыланды.
Одан кейін кітапхана директорының орынбасары Нұржан Жолдыбалинов «Metabiblioteka: болашақ кітапхананың цифрлық экожүйесі» тақырыбында баяндама жасап, кітапхана қызметін интеграцияланған цифрлық платформа арқылы дамыту, бірыңғай ақпараттық кеңістік қалыптастыру мәселелерін көтерді.
Педагогика ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі Кәлима Туенбаева «Кітапхана 4.0: мәдениет, бизнес және жасанды интеллект дәуіріндегі жаңа модель» тақырыбында сөз сөйлеп, кітапханалардың жаңа әлеуметтік-мәдени кеңістік ретіндегі рөліне тоқталды.
Сондай-ақ George Washington University жанындағы Central Asia Program түлегі Данияр Қосназаров «Кітапхана қызметін монетизациялау әдістері: үздік тәжірибелер мен құралдар» тақырыбында халықаралық тәжірибелерді таныстырып, кітапхана қызметін қаржыландыру механизмін әртараптандыру жолдарын ұсынды.
Форум жұмысына 130-дан астам кітапханашылар қатысты. Бағдарлама аясында фасилитациялық форматта пікір алмасу ұйымдастырылып, жобалар әзірлеу бойынша практикалық сессия өтті. Іс-шара соңында қатысушыларға сертификаттар табысталды.
А.ЖОЛДАСБЕК