Қазақ ақыны Бақыт Беделханның «Қаншеңгелі» туралы

Бүгін, 15:10 / Túrkistan Gazeti

Қазақ поэзиясын оқығанда кейде өлеңнен де үлкен бір дүниемен бетпе-бет келесің. Бақыт Беделханның «Қаншеңгелі» мен үшін дәл сондай кітап болды. Жинақты парақтап отырып, тек ақынның жекелеген жырларын емес, тұтас бір даланың үнін, Тәңіртаулардың тынысын, көне түркі жадысының жаңғырығын сезінгендей болдым. Кітаптың өн бойында бүгінгі заман адамының ішкі қасіреті, рухани жалғыздығы, туған жерге деген аңсар сағынышы қатар өріліп отырады.

«Қаншеңгел» атауының өзі бірден көңіл­ге салмақ түсіреді. Бұл сөздің ішінде қаттылық та, қайсарлық та, жаралы рухтың табы да сезіледі. Қыранның өткір тырнағын ес­ке түсіретін осы атау ақын поэзиясының та­биғатын дәл ашып тұрғандай. Бақыт Беделхан сөзді жай әсемдік үшін қолдан­байды, оның жырларынан адам жанын селт еткізетін ішкі қуат байқалады. Кітап мұ­қабасындағы қанатын кең жайған қы­ран бейнесі де осы рухпен астасып жатыр. Түркі дүниетанымында қыран бейнесі ежелден еркіндіктің, биіктіктің, азат рухтың символы саналады.

Бақыт Беделхан поэзиясындағы ал­ғаш­қы назар аударатын ерекшеліктің бірі – ақынның «мені» жеке адамның шеңберінен шығып, ұлттық әрі ғарыштық сипатқа ие болуында.

«Мен – мынау Қарадаламын:
Намыспын,
Назбын,
Наламын…»
деген жолдарды оқығанда, ақын бір ғана өзі­нің мұңын айтып тұрған жоқ секілді әсер қалдырады. Бұл жолдардан тұтас түркі дүниесінің ішке бүккен қасіреті, өрлігі, жан жа­расы сезіледі. Мұндағы «Қарадала» атауы жай географиялық кеңістік ретінде қабыл­данбайды. Ол – рухани жадының, ұлттық мінездің, тарихи сананың символына ай­нал­ған ұғым.

«Намыс», «наз», «нала» сөздерінің қатар келуінен түркі поэзиясына тән нәзік иірім мен ішкі қуат анық аңғарылады. Ақын бір сәт­те әрі өр мінезді, әрі мұңды, әрі жаралы рух­ты қатар сөйлете алады.

Осы поэтикалық «меннен» мен Мақ­тым­құлының кең тынысын да, Мағжан Жұма­баевтың жан арпалысын да, Бақтияр Вахаб­заданың рух биіктігін де сезіндім. Тіпті, бұл жырлардан әзербайжан ақыны Мәм­бет Исмайылдың рухына жақын сарын­дар да байқалады. Себебі түркі ха­лық­тарының поэзиясында бір-біріне ұқсас ортақ сағыныш бар. Ол – туған кеңістікті жо­ғалтпауға, рухани тамырдан ажырамауға деген сағыныш.
Бақыт Беделханның:

«Мен – мынау Қарадаламын…»
деуі астарында әлдеқайда терең мағына жа­тыр. Бұл жолдардан:
«Мен – ұлы даланың өзімін»,
«Мен – түркі кеңістігінің рухымын»
деген үн естілгендей болады.

Өлең бойында Алатау, Текес, Құлжа, Үй­сінтау, Тәңіртау атауларының жиі ұшы­ра­суы да бекер емес. Осы атаулар арқылы ақын өз поэзиясының кеңістігін нақтылап алады. Қарадала ұғымының астарында Қытай шекарасына жақын жатқан көне Үйсін мәдени кеңістігінің ізі, Іле аңғарының тынысы, Тәңіртаулардың көлеңкесі сезіліп тұрады.

Сондықтан бұл кітаптағы Қарадала ұғы­мы картадағы қарапайым аймақ дең­гейін­де қалмайды. Ақын поэзиясында ол – түркі рухының жадысы, дала метафи­зи­ка­сының белгісі, азаттықтың архетипі ре­тін­де көрінеді.

Әзербайжан поэзиясында да осындай сим­волдық кеңістіктер аз емес. Муган, Мил жа­зығы, Борчалы рухы, Жыдыр жазығы се­кілді ұғымдар біздің әдебиетімізде де ерек­ше орын алады. Алайда қазақ сана­сын­дағы «дала» ұғымының ауқымы әлдеқайда кең әрі терең екені байқалады. Қазақ поэ­зиясындағы дала образынан еркіндік те, жалғыздық та, үнсіз мұң да, тарихи жады да қатар сезіледі.

Кітап бойында жиі кездесетін «Ас­пан­тау», «Қарадала», «Алатау», «Тәңір», «Аруақ» се­кілді образдар ақын поэзиясын көне түр­кі мифологиялық дүниетанымымен та­биғи түрде байланыстырып тұр. Бақыт Беделхан бүгінгі заман адамының трагедия­сын да сол ежелгі рух қабаттары арқылы жет­кізеді. Сол себепті оның поэзиясынан жеңіл ирония немесе ойынға құрылған постмодерндік салқындық байқалмайды. Керісінше, әр жолдан рухани тереңдік пен сакралды тыныс сезіледі.

Ақынның ана тақырыбына келуі де ерек­ше әсер қалдырады. «Ананың жанары» өлеңіндегі:
«Ананың жанарында
Күн де бар, Ай да…»
деген жолдардан кейін ана бейнесі тұр­мыс­тық аяда қалып қоймай, ғарыштық деңгей­ге көтеріледі. Осы шумақтардан түркі дү­ниетанымындағы «Ана – Жер – Отан» ұғымдарының өзара байланысы анық байқалады. Өлеңнің ішкі иірімдерінен Ни­зами поэзиясына тән нәзік сезім мен дала эстетикасына тән кең тыныс қатар аңғары­лады.
Кітаптағы тағы бір маңызды арна – сөз­ге деген киелі көзқарас. «Сөз Дариғасы» поэ­масын оқығанда Абай рухы бірден сезі­леді. Поэманың Абайдың «Сөз түзелді…» деген жолымен басталуының өзінде үлкен мән бар. Бақыт Беделхан үшін сөз жай қа­тынас құралы емес; оның поэзиясында сөз ұлт рухын ұстап тұрған ең соңғы қамал се­кілді қабылданады.

Ақынның поэтикалық тілі де аса қуат­ты әсер қалдырады. Кейбір ақындар өлеңді баяу өріп шығатын болса, Бақыт Беделхан­ның жырлары бірден кеудеге соғылатын дауылдай әсер етеді. Өлеңдерінің арасынан дала желінің екпіні, ат дүбірінің үні, қыран көлеңкесінің сұлбасы, тау тыныштығы сезіліп тұрады. Оның ырғақ жүйесінен клас­сикалық түркі поэзиясының ізі бай­қал­ғанымен, көркемдік әлемі толықтай қа­зіргі заман тынысымен үндесіп жатыр.

Кітаптың кей тұстарынан Махамбеттің тік мінезі көрінсе, кей өлеңдерінен Мұ­қа­ға­лидың мұңға толы лирикасы аңғарылады. Мұқағалиға арналған жырларын оқығанда ақын ұстазына тағзым жасап қана қоймай, өзінің де поэтикалық тағдырын ішкі дең­гейде мойындап тұрғандай әсер қалдырады. Мұнда поэтикалық тектік жадыға деген адалдық анық сезіледі.

«Қаншеңгелдің» маған ерекше әсер ет­кен қырларының бірі – кітаптағы отан­сүйгіштіктің арзан пафосқа айналмайтыны. Ақын туған жерге деген махаббатын айқай­мен емес, жүрекке салмақ түсіретін терең сағыныш арқылы жеткізеді. Сондықтан оның Отан туралы өлеңдері нанымды әрі шынайы естіледі. Бақыт Беделхан үшін Отан ұғымы саясаттан әлдеқайда терең ма­ғы­наға ие. Оның поэзиясында туған жер – рух дүниеге келген қасиетті мекен ретінде қабылданады.

Кітапқа алғысөз жазған ұлы қазақ ақыны Олжас Сүлейменов Бақыт Беделхан поэзиясынан «асқақ рух», «нәзік иірімдер» мен «философиялық тереңдік» көретінін ерекше атап өтеді. Бұл пікірдің кездейсоқ айтылмағаны анық сезіледі. Өйткені Бақыт Беделхан бүгінде тек қазақ әдебиетінің аясында ғана емес, тұтас түркі поэзиясы кеңістігінде назар аудартқан ақындардың біріне айналып келеді.
Әзербайжан оқырманы үшін «Қаншең­гел» әрі жақын, әрі жаңа құбылыс болып көрінеді деп ойлаймын. Оның рухынан біздің тауларымызға, сазымызға, Қорқыт­тан жеткен көне мұңға жақын сарын сезіледі. Сонымен қатар Бақыт Беделхан қа­зіргі түркі поэзиясына өзгеше метафи­зи­калық қуат пен жаңа тыныс алып келген ақындардың бірі екені анық байқалады.

Түркі поэзиясы әлі де тыныстап тұр.
Қиқу салған қырандар әлі де көк жүзін­де қалықтап жүр.
Даланың үні әлі өшкен жоқ.
Бақыт Беделханның «Қаншеңгелін» оқып отырып, мен осындай ойға келдім.
Бәлкім, сөздің де шеңгелі болатын шы­ғар.
Сол шеңгелдің аты – «Қаншеңгел».

Әкбар Қошалы,
Әзербайжан жазушысы,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері