Енді ЖИ білім беру жүйесінде ресми түрде қолданылмақ. Өткен аптада Президент осы шешімді бекітетін Жарлыққа қол қойған болатын. ЖИ білім саласына нақты қалай енгізіледі, қандай пайда, нендей қауіп? – саралап көрдік.
Өткен аптада Президент орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. Басты мақсат – мектептердегі білім сапасын жақсартып, оқу процесін заманауи технологиялар арқылы жаңғырту. Құжатқа сәйкес, Үкімет 2026-2029 жылдарға арнайы жоспар әзірлейді. Бұдан бөлек, 2026 жылғы қыркүйекке дейін жасанды интеллектіні білім беру жүйесінде қолданудың бірыңғай стандарты бекітіледі. Оқушылар жасанды интеллектіге сауатты сұрақ қоюды, мәтін жазуды 1-сыныптан бастап меңгереді, ал жоғары сынып оқушылары чат-боттар сияқты күрделі құралдарды өз бетінше жобалай алатын болады. Биылғы жаңа оқу жылынан бастап бастауыш сынып оқушылары үшін цифрлық сауат және жасанды интеллект пәні енгізілсе, жоғары сыныптар үшін информатика және жасанды интеллект сабағы оқытылатын болады.
Жоспар аясында мектептердің цифрлық инфрақұрылымы күшейтіліп, білім беру ұйымдары жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылады. Сонымен қатар педагогтерге жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдалану бойынша арнайы оқыту бағдарламалары ұйымдастырылады. Қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайту мақсатында пилоттық жобаларды іске асыру да жоспарда бар.
Оқушылар қазір ChatGPT, Gemini секілді платформалардың көмегімен үй тапсырмасын орындап, тест сұрақтарына жауап тауып, тіпті шығарма мен эссе жазып жүр. Кей оқушылар бұрын түсінбей жүрген тақырыптарын жасанды интеллект арқылы жеңіл меңгеріп жүргенін де жасырмайды. Сәйкесінше, мұғалімдердің жұмысы бұрынғыдан да күрделене түсті деуге болады. Өйткені енді тек тапсырма беру жеткіліксіз. Оқушының материал-
ды шын мәнінде түсінгенін анықтау маңызды.
Осылайша, әлем келбетін түбегейлі өзгертіп жатқан ЖИ білім беру жүйесіне де, мұғалімге де жаңа талап қойып, жаңа сын-қатер туындатып отыр. Әлемнің көптеген елі жаңа жағдайға бейімделіп үлгерді. Қазір кіріспесек, көштен қалуымыз әбден мүмкін. Соны ескеріп, біз де жасанды ақылды кәдеге жаратып көрмекпіз.
«Қолданамыз ба?» емес, «қалай қолданамыз?»
Кейінгі жылдары бірқатар мемлекет ЖИ-ді мектеп пен университет жүйесіне тікелей енгізіп, ақ-қарасын іс жүзінде тексеріп көрді.
Ең жүйелі тәжірибенің бірін Эстония жүргізген. Былтыр ел үкіметі OpenAI компаниясымен бірлесіп, ChatGPT Edu платформасын мемлекеттік мектептерге енгізу жобасын бастады. Бағдарлама аясында ондаған мың оқушы мен мұғалім ЖИ құралдарын сабақ барысында қолдана бастады. Эстония билігі мұны цифрлық сауат мәселесі емес, ұлттық бәсекеге қабілеттілік стратегиясы ретінде қарастырып отыр. Елдің білім министрлігі оқушыларды ЖИ-ден қорғауға емес, оны дұрыс пайдалануға үйретуге басымдық беретінін ашық мәлімдеді. Осылайша, ЖИ бөлек пән ретінде емес, барлық сабаққа кіріктірілген. Мысалы, тарих сабағында оқушылар ChatGPT көмегімен тарихи деректерді салыстырады, ал әдебиетте мәтін талдауға пайдаланады. Бірақ негізгі талап өзгермеген: соңғы қорытындыны оқушының өзі жасауы керек. Осылайша, ел ЖИ-ді дайын жауап көзі емес, аналитикалық ойлауға арналған құрал ретінде бейімдеуге тырысып отыр.
Оңтүстік Корея бұл мәселеге мүлде басқа қырынан келді. 2025 жылдан бастап ел мектептерінде ЖИ негізіндегі цифрлық оқулықтар енгізіле бастаған. Жүйе әр оқушының үлгерімін бақылап, тапсырманың күрделілігін автоматты түрде өзгертіп отырады. Егер оқушы математикадағы белгілі бір тақырыптан қате жіберсе, жүйе сол бөлімге қайта оралып, тағы да сол тақырыпқа түсіндірмелер ұсынады. Кореяның Білім министрлігі ЖИ көмегімен әр баланың жеке оқу бағдарын қалыптастыруды көздейді. Бірақ бұл жоба қоғамда үлкен пікірталас тудырды. Мұғалімдер кәсіподағы балалардың экран алдында шамадан тыс отыратынын және мұғалім рөлі әлсіреп кетуі мүмкін екенін айтып шағымданған. Соған қарамастан үкімет жобаны тоқтатқан жоқ.
Қытайда ЖИ білім беру жүйесіне еніп кеткен десек артық емес. Бірақ кейінгі жылдары оның ауқымы күрт өскен. Бейжің мен Шанхайдағы кей мектептерде ЖИ оқушының сабақтағы белсенділігін де талдайды. Камералар баланың назарын, эмоциясын, сабаққа қатысу деңгейін бақылап, мұғалімге дерек жібереді. Кей платформалар үй тапсырмасын тексеріп қана қоймай, оқушының қай тақырыпта жиі қиналатынын анықтайды. Қытайдың бұл моделі тиімділікке негізделген. Елде бір сыныпта 40-50 оқушы оқитын мектеп көп болғандықтан, ЖИ мұғалім жүктемесін азайтудың амалы ретінде қарастырылады. Бірақ дәл осы тәжірибе халықаралық деңгейде ең көп сыналған модельдердің біріне айналды. Сарапшылар балаларды тұрақты цифрлық бақылау білім сапасынан бөлек, құпиялылық пен психологиялық қысым мәселесін туындатуы мүмкін екенін айтып отыр.
АҚШ-та ЖИ негізінен платформалар арқылы тарады. Соның ең белгілі мысалы – Khanmigo жүйесі. GPT-4 негізіндегі бұл құралдың басты ерекшелігі – оқушыға дайын жауапты бірден бермеу. Жүйе сұрақ қою арқылы оқушының өзін ойлануға итермелейді. Мысалы, оқушы есептің жауабын сұрағанда, ЖИ бірден нәтиже шығармайды. Оның орнына «қай қадамда қате кеткен болуы мүмкін?» немесе «бұл формула нені еске түсіреді?» деген бағыттаушы сұрақтар қояды. Америкалық педагогикада қазір AI literacy, яғни ЖИ-мен дұрыс жұмыс істеу мәдениеті деген жаңа ұғым қалыптасып жатыр.
Сингапур ЖИ-ді мұғалімдердің жұмысын жеңілдетуге көбірек бағыттады. Елде кей мектептерде жасанды интеллект тест құрастыруға, эссе тексеруге және оқушы прогресін талдауға пайдаланылады. Бұл мұғалімнің жүктемесін азайтып, сабақты жоспарлауға көбірек уақыт қалдыру үшін енгізілген. Сингапур моделі технологияны толық еркіндікте емес қатаң мемлекеттік бақылауда қолданылуымен ерекшеленеді. Мұнда ЖИ-дің қандай мақсатта қолданылатыны нақты реттелген.
Бұл мысалдардың бәрі бір үрдісті көрсетіп отыр. Әлем ЖИ-ді «қолдану керек пе?» деген сұраққа емес, «қалай қолдану керек?» деген сұраққа жауап іздеп жатыр.
Ғалымдар не дейді?
ЖИ-дің оқушылардың білім деңгейіне, жалпы білім жүйесіне тигізетін әсері туралы пікір көп. Әлем университеттері мен ғылыми орталықтары ЖИ-дің оқушының үлгеріміне, ойлау қабілетіне және білім сапасына нақты қалай әсер ететінін тәжірибе арқылы тексеріп жатыр. Қазірдің өзінде бірнеше маңызды қорытынды тұжырымдалып үлгерді десек те болады.
Ең көп талқыланған зерттеулердің бірін Stanford University жанындағы SCALE Initiative ғалымдары жүргізді. Олар GPT-4 негізіндегі екі түрлі AI-тьюторды мектеп математикасында сынақтан өткізген. Зерттеуге мыңға жуық оқушы қатысқан. Нәтижесінде, ChatGPT-ге ұқсас кәдімгі ЖИ қолданған оқушылар тапсырмаларды жылдам әрі жақсы орындаған. Бірақ кейін ЖИ көмегінсіз олардың нәтижесі ЖИ қолданбаған топтан 17 пайызға төмен болып шыққан. Зерттеудің ең қызық тұсы – GPT Tutor деп аталған екінші модель. Ол оқушыға дайын жауапты бірден бермей, бағыттаушы сұрақтар қойған. Мұндай жүйеде үлгерім 127 пайызға дейін жақсарған және білім сапасына зияны әлдеқайда аз болған. Осылайша, ғалымдар оқушы ЖИ-ді ойланудың орнына қолданса, білім әлсірейді, ал егер ЖИ түсіндіруші құрал ретінде пайдаланылса, нәтиже жақсырақ болады деген қорытынды шығарған.
Stanford зерттеушілері жасаған Tutor CoPilot жобасы қызық нәтиже берді. Бұл жүйе оқушыға емес, репетиторларға көмекші ретінде жасалған. Жасанды интеллект мұғалімге сабақ кезінде қандай сұрақ қою керек екенін ұсынып отырған. 700-ден астам тьютор мен мыңнан астам оқушы қатысқан экспериментте оқушылардың математика тақырыптарын меңгеру көрсеткіші 4 пайыздық пунктке артқан. Ал тәжірибесі аз мұғалімдерде нәтиже тіпті жоғары, 9 пайыздық пункт болған. Яғни, кей жағдайда ЖИ оқушыдан гөрі мұғалімге көбірек пайда әкелуі мүмкін.
Жастардың өзі ЖИ-дің қаупін түсіне бастағаны аңғарылады. Ұлыбританияда жүргізілген сауалнамада оқушылардың 62 пайызы ЖИ олардың оқу қабілетіне кері әсер етуі мүмкін екенін айтқан. Көбісі «ЖИ бәрін тым оңай қылып жіберді» деп есептейді екен.
ЖИ білім жүйесіне қалай енгізіледі, нендей мүмкіндік бар, сондай-ақ ескеруге тиіс мәселелер төңірегінде Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға сауал жолдаған едік. Министрдің айтуынша, жасанды интеллект педагогтерге маңызды көмекші құралға айналмақ. Сонымен қатар ол ЖИ-ді білім беру жүйесіне енгізуде жеке деректер қауіпсіздігі басты назарда болуы керек деген пікір айтты.
Ал мектеп мұғалімі Шалқар Кеңесбек ЖИ-дің мүмкіндігі мен сын-қатерін саралап, мемлекет мектептерді заманауи технологиялармен толық қамтамасыз етуі керек деген пікірін жеткізді.