Баланың жоғалғаны туралы хабарлама полицияға 21 мамыр күні келіп түсті. Анықталғандай, 5 жасар қыз бала қараусыз қалып, үйден өз бетінше шығып кеткен, деп хабарлайды turkystan.kz.
Полиция қызметкерлері дереу іздестіру шараларын ұйымдастырып, полиция департаментінің жеке құрамы мен кешенді полиция күштері толық жұмылдырылды. Іздеу жұмыстарына Ұлттық ұланның әскери қызметшілері де тартылды.
Аумақты тексеру және пысықтау барысында қыз баланың саябаққа қарай бет алғаны анықталып, кейін сол жерден табылды. Бала аман-есен ата-анасына қайтарылды.
Полиция ата-аналарға балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударуды, кәмелетке толмаған балаларды қараусыз қалдырмауды және олардың көшеге өз бетінше шығуына жол бермеуді ескертеді. Осындай жағдайлар туындаған жағдайда дереу “102” нөміріне хабарласу қажет.