Ауа райы күрт бұзылады: Қазгидромет маңызды ескерту жасады

Бүгін, 05:55 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

«Қазгидромет» РМК бүгін, 22 мамырда Қазақстанның бірқатар өңірінде ауа райының күрт нашарлауына байланысты дауылды ескерту жариялады. Ел аумағында жаңбыр, найзағай, бұршақ, қар аралас жауын-шашын, сондай-ақ желдің күшеюі мен тұман күтіледі.

Түркістан, Алматы және Жетісу облыстарында таулы және тау бөктеріндегі аумақтарда қатты жаңбыр жауып, өзендер деңгейінің көтерілуі мен су басу қаупі бар. Алматы қаласында да жаңбыр мен найзағай болжануда.

Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында түнгі уақытта тұман, кей жерлерде 3 градусқа дейін аяз күтіледі. Кей өңірлерде желдің екпіні 15-23 м/с-қа дейін жетеді.

Батыс және оңтүстік аймақтарда (Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан) шаңды дауылдар, жоғары өрт қаупі және найзағайлы жаңбыр күтіледі.

Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын, желдің күшеюі және өрт қаупінің жоғары деңгейі болжанып отыр.

Синоптиктер халықты ауа райының қолайсыз жағдайында сақтық шараларын сақтауға, таулы аймақтарға барудан бас тартуға және қауіпсіздік талаптарын орындауға шақырады.