21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күні қарсаңында Ақордада өткен салтанатты жиында ерекше сәт болды. Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының белгілі актрисасы Анар Әділоваға жаңа пәтердің кілті табысталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Өнер иесі бұл жаңалықты күтпегенін айтып, қуанышын жасыра алмады. Салтанатты шараға марапат аламын деген оймен келген актриса баспаналы болатынын естігенде көзіне жас алды.
"Марапат аламын деп келген едім, күтпеген жерден үйлі болдым. Алматыдан тек медаль аламын деген оймен шыққанмын. Бірақ Астанада мені бұдан да үлкен қуаныш күтіп тұрған екен", – деді Анар Әділова.
Актрисаның қуанышы әлеуметтік желі қолданушыларын да әсерлендірді. Көпшілік өнер иесін жаңа баспанасымен құттықтап, шығармашылығына табыс тіледі.