23 мамырда Атырауда Batyr Fighting Championship турнирі өтеді. Кештің басты жекпе-жегінде "Найман" лақап атымен танымал қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Қуат Хамитов ирандық спортшы Әли Хейбатиге қарсы октагонға шығады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Алайда Қуат Хамитовтың Атырауға келуі әлеуметтік желіде тараған видеодан кейін әкімшілік хаттама толтырумен аяқталды.
Instagram желісінде спортшыны қарсы алу сәті түсірілген видео жарияланған. Кадрларда қыздың қозғалыстағы көліктің терезесінен шығып, Қуат Хамитовты қарсы алып тұрғаны көрінеді. Сондай-ақ спортшының өзі көлік тізгінінде қауіпсіздік белдігін тақпағаны байқалған.
Бұл видео полицияның назарынан тыс қалмады.
Атырау облысы полиция департаментінің мәліметінше, әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада жол қозғалысы ережелерінің өрескел бұзылғаны анықталған.
Тексеру барысында Toyota Camry көлігінде отырған 24 және 22 жастағы жолаушылардың қозғалыс кезінде қауіпсіздік белдігін тақпағаны және көлік салонынан сыртқа шыққаны белгілі болды. Осы әрекеттері үшін олар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар аталған заңбұзушылықтарға жол берген 20 жастағы жүргізушіге де хаттама толтырылды.
Бұдан бөлек, Mustang көлігін басқарған 38 жастағы жүргізуші қауіпсіздік белдігін тақпай көлік жүргізгені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полиция жол қозғалысына қатысушыларды қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға және жол ережесін бұзбауға шақырды.