Оралда 5 жастағы баланы қаңғыбас иттер талап тастаған (ВИДЕО)

Бүгін, 19:34 / Інжу Әлихан
Istockphoto

17 мамыр күні кешке Оралда бес жастағы балаға қаңғыбас иттер шабуыл жасады. Оқиға үй ауласында болған. Баланы иттердің арасынан көршісі құтқарып қалған, деп хабарлайды turkystan.kz «Мой город» басылымына сілтеме жасап.

Зардап шеккен баланың анасы Назгүл Сандыбаеваның айтуынша, иттер баланың санын, арқасын, қолы мен саусақтарын талап тастаған. Бала дереу ауруханаға жеткізіліп, оған сегіз жерінен тігіс салынып, қажетті екпелер жасалған.

Қазір бала дәрігерлердің бақылауында. Анасының сөзінше, жағдайы алғашқы тәулікпен салыстырғанда біршама жақсарған.

Оқиғадан кейін баланың анасы қаңғыбас иттер мәселесін көтеріп, жергілікті биліктен шұғыл шара қабылдауды талап етті. Оның айтуынша, бұл – аймақтағы алғашқы жағдай емес.

Орал қаласының әкімдігі қаңғыбас жануарларды аулау, стерилизациялау, вакцинациялау және уақытша ұстау жұмыстары қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Әкімдік дерегінше, сәуір айының басынан бері қалада 283 қаңғыбас жануар ауланған. Оның 205-і стерилизация мен вакцинациядан кейін табиғи ортасына жіберілген. Тағы 78 жануар қайта вакцинацияланған.

Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мәліметіне сәйкес, сәуір айында ит қапқан бес жағдай тіркелген. Екі жануар карантинге оқшауланған.

Айта кетейік, 19 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға енгізілген түзетулерге қол қойды. Жаңа өзгерістерге сәйкес, ауланған қаңғыбас иттерді көшеге қайта жіберу тоқтатылады. Енді олар уақытша ұстау орындарында белгілі бір мерзім сақталып, иесі табылмаған жағдайда эвтаназия қолданылуы мүмкін.