Матча шайы ми мен ішекке пайдалы болып шықты

Бүгін, 19:15 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Польшаның Wrocław University of Environmental and Life Sciences ғалымдары жапонның ұнтақталған көк шайы – матчаға қатысты зерттеулерді талдап, бұл сусын ағзаға кең ауқымды пайдалы әсер беруі мүмкін деген қорытындыға келді. Зерттеу нәтижелері Nutrients журналында жарияланған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Матча қарапайым көк шайдан өсіру тәсілімен ерекшеленеді. Шай жапырақтарын жинау алдында бұталар көлеңкеде ұсталады. Соның арқасында жапырақтарда хлорофилл, L-теанин, кофеин және антиоксиданттар көбірек жиналады. Кейін жапырақтар мұқият өңделіп, ұнтаққа айналдырылады. Бұл биоактивті заттардың жақсы сақталуына мүмкіндік береді.

Ғалымдардың айтуынша, матчадағы катехиндер мен полифенолдар қандағы қант деңгейіне, май алмасуына, дене салмағына және ішек микрофлорасына оң әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар зерттеулер сусынның ми қызметіне, жүйке жүйесіне пайдалы әсері барын және тіпті ісікке қарсы әлеуетке ие болуы мүмкін екенін көрсеткен.

Зерттеушілер әсіресе EGCG деп аталатын антиоксидантқа назар аударған. Бұған дейінгі ғылыми жұмыстар бұл заттың қабыну мен тотығу стрессімен күресуге көмектесетінін көрсеткен. Ал матчаның құрамындағы L-теанин босаңсуға және зейінді жақсырақ шоғырландыруға ықпал етуі мүмкін.

Тэгтер:

пайда ішек матча