АҚШ-та тұрмыстық робототехника саласында тарихи оқиға тіркелді: гуманоид робот алғаш рет тұрғын үйді тазалау қызметін толық орындады. Тапсырыс 2026 жылғы 14 мамырда Сан-Францискода орындалды, деп хабарлайды turkystan.kz interestingengineering.com-ға сілтеме жасап.
Үй иесі қызметке Gatsby атты iOS қосымшасы арқылы тапсырыс берген. Ол жобаға арнайы емес, күту тізімінен кездейсоқ таңдалған. Осылайша робот алғаш рет кәдімгі тұтынушының үйіне барып, автономды түрде тазалық жұмыстарын атқарды.
2026 жылдың қаңтарында құрылған Gatsby стартапы роботты сатудан гөрі жалға беру моделін таңдаған. Tesla мен 1X секілді компаниялар гуманоид роботтарды 20 мың доллардан жоғары бағаға ұсынса, Gatsby оларды Uber тәрізді сервис ретінде пайдалануға мүмкіндік береді. Қазір компания Сан-Францискода бір тазалау қызметін 150 долларға орындайды. Баға пәтер көлеміне байланысты өзгермейді.
Стартаптың негізін қалаушы әрі бас директоры Арон Фришбергтің айтуынша, үй шаруасы – адамзат тарихындағы ең ауқымды ақысыз еңбек түрлерінің бірі.
«Қазір бір жерде ата-ана еден жуып жүр, бірақ ол уақытын баласымен өткізгісі келеді. Біреу 16 сағаттық жұмыстан кейін үйін тазалауға мәжбүр. Біз жеміс шыбыны миының әр нейронын зерттедік, бірақ әлі күнге дейін үйді ата-бабамыз секілді тазалаймыз», – деді ол.
Gatsby өз роботтарын өндірмейді. Компания бағдарламалық жасақтамаға, навигация жүйесіне және пайдаланушы интерфейсіне назар аударады. Бұл тәсіл жаңа робот модельдеріне оңай бейімделуге мүмкіндік береді.
Жобаға NVIDIA Inception және Entrepreneurs First қолдау көрсетіп отыр. Қызметке сұраныс қазірдің өзінде жоғары: Сан-Франциско шығанағы аймағында күту тізімі ұлғайып кеткен, ал өтінімдер АҚШ-тың басқа өңірлерінен де түсіп жатыр.