«Астана Ветсервис» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны Астанадағы қоғамдық тамақтану орындарына ит етінің жеткізілуі туралы әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа қатысты ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Кәсіпорынның мәліметінше, аталған ақпарат 2023 жылы Ақмола облысында тіркелген жануар тектес өнімдердің заңсыз айналымына қатысты оқиғамен байланысты.
«Аталған факті бойынша құқық қорғау органдары заңнамаға сәйкес тергеу жүргізді. Іс материалдары сотта қаралып, кінәлі тұлға Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылды.
Қазір Астана қаласындағы қоғамдық тамақтану орындарында мұндай өнімді жеткізу, сату немесе пайдалану фактілері ресми түрде расталған жоқ.
Елордада жануар тектес өнімдерге тұрақты түрде ветеринариялық-санитариялық бақылау жүргізіледі. Оның аясында ілеспе құжаттар тексеріліп, жеткізушілерге мониторинг жасалады және азық-түлік қауіпсіздігі талаптарының сақталуы қадағаланады», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ бүгінде ет өнімдерінің заңсыз айналымына немесе Астана қаласындағы қоғамдық тамақтану орындарының қызметіне қатысты заңбұзушылықтарға байланысты деректер анықталмағаны беліглі болды.
«Жағдай уәкілетті органдардың тұрақты бақылауында. Елордада жануар тектес өнімдерге, жеткізушілерге және санитариялық-ветеринариялық талаптардың сақталуына жүйелі түрде мониторинг пен тексеру жүргізіліп отырады.
Азаматтарды тек ресми ақпаратқа сенуге және расталмаған мәліметтерді таратпауға шақырамыз», - деп толықтырды ақпартта.