Әскери қызметкерлерге жаңа әлеуметтік төлемдер тағайындалмақ

Бүгін, 12:21 / Алуа Арман
istockphoto.com

Депутаттар бүгін өткен Мәжілістің жалпы отырысында әскери қызметкерлерге арналған бірқатар әлеуметтік шараларды қолдады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Әскери қызметкерлердің құқықтық жағдайын жетілдіру, қорғаныс және әскери қызмет мәселелері туралы заңда төтенше жағдайларды жоюға, терроризмге қарсы операцияларды жүргізуге және төтенше жағдай режимін қамтамасыз етуге тартылатын Қарулы Күштер мен Шекара қызметінің әскери қызметкерлеріне үш есе мөлшерде ақшалай төлем төлеу көзделіп отыр. Ұсынылған шаралар сын-қатер деңгейінің жоғарылауына және айрықша маңызды міндеттерді орындау кезінде қызмет көрсетудің ерекше жағдайларына байланысты.

Бұдан бөлек казармалық жағдайдағы немесе карантиндік іс-шараларға қатысатын әскери қызметкерлер мемлекет есебінен толыққанды тамақпен қамтамасыз етілетін болады. Бұл шара қызмет атқаруға тиісті жағдайлар жасауға, жауынгерлік әзірлікті қолдауға және жеке құрамның денсаулығын сақтауға бағытталған.

Конституциялық сот қаулысын іске асыру үшін түзетулер арқылы қылмыстық іс жүргізу заңнамасына сәйкес лауазымынан уақытша шеттетілген әскери қызметкерлерге ең төменгі жалақы мөлшерін төлеуді белгілеу ұсынылады. Қазіргі уақытта мұндай жағдайға әскери қызметкерлер ақшалай қаражатсыз шығарылады.

Әскери қызметкерлерді 25 жыл және одан да көп еңбек сіңірген кезде өз қалауы бойынша жұмыстан шығару мүмкіндігі қосымша көзделеді. Сондай-ақ әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеретін офицерлерге декреттік демалысты ресімдеу кезеңінде қызмет мерзімін тоқтата тұру ұсынылады.

Заңның тағы бір нормасы БҰҰ-ның әскери персоналды бергені үшін төленетін қаражатты аудару тәртібіне өзгеріс енгізеді. Бұл қаражатты әскери қызметкерлерге кейінгі төлемдер үшін Қазақстан Қорғаныс министрлігінің шотына тікелей жіберу ұсынылады, ал қолданыстағы жүйе бойынша олар алдымен республикалық бюджетке түседі.

Тиісті өзгерістер мен толықтырулар «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы», «Әскери қызмет және әскери қызметкерлердің мәртебесі туралы» және «Қазақстан Республикасының бітімгершілік қызметі туралы» заңдарға енгізіледі.

 

 

Тэгтер:

Мәжіліс депутат әскери қызметкер Төлем