«Пластикалық ота кезінде көз жұмды»: Танымал блогердің қазасына қатысты жаңа мәлімет шықты

Бүгін, 06:46 / Нұрлан Әлинұр
Әлеуметтік желіден

Танымал блогер әрі кәсіпкер Сауле Базархан пластикалық операция кезінде көз жұмды деген ақпарат тарады, деп хабарлайды turkystan.kz Halyqstan-ға сілтеме жасап.

Алдын ала деректерге сәйкес, қайғылы жағдай Smart Beauty Clinic клиникасында болған. Желідегі ақпаратта блогердің абдоминопластика жасатпақ болғаны айтылған.

Сондай-ақ 2GIS сервисіндегі пікірлерде қолданушылар «Сауле Базархан осы клиникада көз жұмды» деп жазған.

Белгілі продюсер Гүлзира Айдарбекова та кәсіпкер әрі блогердің қайтыс болғанын растады. Ол марқұмды өзіне жақын адам ретінде сипаттағанымен, өлім себебін нақтыламады.

Қазіргі уақытта полиция қылмыстық іс қозғап, оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Ал клиника уақытша мөрленгені хабарланды.

Басылым тілшісі клиникаға WhatsApp арқылы хабарласқанда, қызметкер тарапынан қызметтер ұсынылған. Ал блогердің өліміне қатысты сұраққа клиника өкілдері: «Қазіргі уақытта ресми түсініктеме берілмейді» деп жауап берген.