"Бүтін елдің атқарар ісін жалғыз жүріп еңсерген": Қарақат Әбілдина күйеуі туралы жан сырын ақтарды

Бүгін, 20:36 / Жамбыл Жайлау
ашық дереккөзден

Әнші Қарақат Әбілдина жұбайы Қыдырәлі Болмановтың 62 жасқа толған туған күніне орай әлеуметтік желіде жүрекжарды жазба жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Өнер иесі өз жазбасында өмірін киноға балап, сол өмірлік хикаяның басты кейіпкерлерінің бірі жұбайы екенін ерекше ықыласпен жеткізді.

"Менің өмірімдегі ең әдемі кадрлардың бәрінде сіз барсыз. Өміріміздің сценарийін өзіңіз жаздыңыз. Режиссері де өзіңіз болдыңыз. Ал мен сол фильмнің ең бақытты кейіпкеріне айналдым. Біздің өмір – жай ғана бірге өткен уақыт емес. Бұл – жүрекпен жазылған, тағдырмен өрілген үлкен хикая", – деп жазды әнші.

Қарақат Әбілдина отбасылық өмірде қуанышпен қатар түрлі сынақтың да болғанын жасырмады. Оның айтуынша, ерлі-зайыптылар барлық қиындықты бірлік, адалдық және махаббат арқылы еңсере білген.

"Қуанышы да болды, сағынышы да болды. Шаршаған, алаңдаған сәттер де өтті. Бірақ соның бәрінен бірлік пен адалдықты ту еткен махаббатымыз жеңіп шықты", – деді ол.

Сондай-ақ әнші жуырда Астанадағы концерт алдында болған жағдайдың өздеріне өмірдегі ең маңызды құндылықтарды тағы бір мәрте түсіндіргенін айтты.

"Кейде адам жоспарлайды, ал тағдыр бәрін өз уақытында өзгертеді екен. Сол сәтте ең маңыздысы – атақ та, сахна да емес, деннің саулығы, бастың амандығы екенін түсінесің. Сахна күтер, ән де айтылар, концерт те болар. Бүгінгі туған күніңізде өмірдің бар сынағы осымен кетсін деп тілеймін", – деп жазды Қарақат Әбілдина.

Тэгтер:

Қыдырәлі Болманов Қарақат Әбілдина