"Қыз Жібек" қамзолы музейге қайтарыла ма: Министрлік жауап берді

Бүгін, 20:15 / Жамбыл Жайлау
ашық дереккөзден

Әлеуметтік желі мен бұқаралық ақпарат құралдарында қазақ киносының классикалық туындысы саналатын "Қыз Жібек" фильміндегі тарихи қамзолға қатысты мәселе қызу талқыланып жатыр. Әсіресе басты рөлді сомдаған Меруерт Өтекешова киген делінетін киімнің продюсер Баян Алагөзованың қолына өтуі көпшіліктің назарын аударған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Осы мәселеге байланысты ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов Парламент кулуарында пікір білдірді. Оның айтуынша, министрлікке қарасты музей қорларында "Қыз Жібек" фильміне қатысты түпнұсқа костюмдер сақталған. Алайда қоғамда сөз болып отырған нақты қамзолдың мәртебесін анықтау үшін арнайы тексеріс қажет.

"Қазақфильмнің" алтын қорында және орталық музейлерде фильм түсірілімінде қолданылған бірегей киімдер бар. Бірақ дәл қазір талқыланып жатқан қамзолдың тарихын, оның жеке адамдардың қолына қалай өткені мен шын мәнінде түпнұсқа екенін сараптама арқылы анықтау керек", – деді вице-министр.

Евгений Кочетов егер қамзолдың тарихи құндылығы дәлелденсе, мемлекет оны музей қорына қайтару үшін тиісті шаралар қабылдауға дайын екенін айтты.

Оның сөзінше, бұл бағытта арнайы комиссия құрылып, киімнің матасы, тігісі, тарихи сәйкестігі жан-жақты зерттелуі мүмкін. Сараптамаға кинотанушылар, реставраторлар және сала мамандары тартылмақ. Егер жәдігердің түпнұсқа екені расталса, ол ұлттық мәдени мұра ретінде мемлекеттік қорғауға алынуы ықтимал.

Вице-министр "Қыз Жібек" фильміне қатысты әрбір тарихи реквизит қазақ киносының құнды мұрасы екенін атап өтті. Сондықтан министрлік бұл мәселені назардан тыс қалдырмайтынын жеткізді.

Тэгтер:

Меруерт Өтекешова Қыз Жібек