Қызылордада Тұңғыш Президент паркінің аумағында орналасқан балаларға арналған заманауи лагердің құрылысы аяқталды. Ауқымды әлеуметтік-білім беру нысаны 304 балаға есептелген. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі балалар да бар.
Жаңа лагерь балалардың демалуы, оқуы, спортпен, шығармашылықпен айналысуына арналған көп функуционалды кеңістік ретінде құрылған. Кешен әкімшілік-спорт блогын, Event Space білім беру блогын және төрт тұрғын корпусын қамтиды.
Лагерьдің жалпы инфрақұрылымында балалардың қауіпсіздігі үшін барлық жағдай жасалған. Лагерь аумағында амфитеатр, спорт алаңдары, веложолдар, ойын алаңдары, орындықтар мен киіз үй тігілген этно аумақ бар.
Ауданы 5,4 мң кв метрді құрайтын әкімшілік-спорт блогында 110 орындық заманауи асхана салынған. Онда тамақ әзірлеу үшін өндірістік цикл толықтай қарастырылған. Одан бөлек футбол, волейбол, баскетбол, гандбол, гимнастикаға арналған әмбебап спорт залы бар. Ол кәсіби Grabo паркеттік жабынымен жабылған. Сондай-ақ олимпиадалық стандарттарға сай келетін, ауданы 25×12 метрді құрайтын бассейн бар. Сонымен қатар ғимаратта медициналық және әкімшілік блоктар орналасқан.
Білім беруге баса көңіл бөлінген. Ауданы 1,6 мың шаршы метрді құрайтын Event Space білім беру – ойын-сауық орталығы заманауи оқу кабинеттерімен, зертханалармен жабдықталлған. Мұнда робототехниканы, жасанды интеллектіні, ғарыш инженериясын, авиамодельдеуді, астрономияны, радио- және цифрлық технологияларды зерттеуге арналған кеңістік бар. Сондай-ақ өнер, қыш-құмыра кәсібі, биология, химия және физика кабинеттері мен зерттеу құрылғылары бар.
Тұрғын корпустары балалар мен педагогтерге барынша жайлы етіп салынған. Әр блокта PlayStation 5, үстел футболы, шахмат, дойбымен жабдықталған ойын және демалыс бөлмелері бар.
Жобаның жетекшісі Мақсат Көбегенов нысанды салу кезінде балалардың білім алуы, спортпен шұғылдануы және жақсы демалуы үшін заманауи орта құруға ерекше көңіл бөлінгенін айтты.
«Біздің міндетіміз – тек лагерь салу емес, балалар жайлы әрі қауіпсіз ортада жыл бойы дами алатындай, ғылыммен, спортпен, шығармашылықпен айналыса алатындай заманауи үлгідегі кеңістік құру болды. Бұл жоба заманауи білім беру технологияларын, сапалы инфрақұрылым мен барлық санаттағы балалар үшін қолжетімді ортаны біріктіреді», ‒ деді Мақсат Көбегенов.
Балалар лагерінің құрылысы BI Group компаниясы жүргізген Тұңғыш Президент паркінің масштабты реконструкциясының бір бөлігі болды. Парк аумағында серуендейтін аумақ, спорт алаңдары, футбол алаңы, воркаут-кеңістік, скейт-парк, памп-трек, амфитеатр, шолу дөңгелегі, заманауи демалыс алаңдары жабдықталған. Мың түп ағаш пен декоративті көшеттер отырғызылып, аумақ толықтай жасылдандырылған.
Паркті дамытудың келесі кезеңі – ауданы 2,41 гектар болатын қысқы бақ түріндегі заманауи ботаникалық білім беру орталығының ашылуы болмақ. Ол қаланың қалыптасып келе жатқан қоғамдық-білім беру кластерін толықтырады.