Полицей өртеніп жатқан үйден 90 жастағы әжейді құтқарып қалды

Бүгін, 17:20 / Інжу Әлихан
Polisia.kz

Алматы облысы полицей Жасұлан Нұрасылов түнгі уақытта болған өрт кезінде батылдық танытып, адам өмірін аман алып қалды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға түнгі сағат шамамен 03:00-де болған. Полиция қызметкері көрші үй аумағынан шыққан өртті байқап қалған. Алдын ала мәліметке сәйкес, әуелі үйдің жапсарлас құрылысы өртеніп, кейін жалын жазғы ас үйге тараған. Сол сәтте ішінде 90 жастағы әжей болған. Артынша өрт тұрғын үйдің шатырына жайыла бастаған.

Жағдайдың күрделілігіне қарамастан, Жасұлан Нұрасылов бір сәт кідірместен әрекет еткен. Ол қоршауды бұзып кіріп, қалың түтін басқан жазғы ас үйден ұйықтап жатқан қарияны тауып, қауіпсіз жерге алып шыққан. Кейін үйдегі өзге тұрғындарды оятып, олардың да дер кезінде эвакуациялануына көмектескен.

Сонымен қатар полицей өрт туралы шұғыл қызметтерге хабар беріп, өрт сөндірушілер келгенге дейін жалынның таралуына жол бермеу үшін қолдан келген шараларды жасаған.

Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер тілсіз жауды жедел сөндірді. Полицейдің батыл әрі шапшаң әрекетінің арқасында қайғылы жағдайдың алдын алып, адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік туды.

Кейін анықталғандай, құтқарылған тұрғындар Жасұлан Нұрасыловтың көршілері болған. Оқиғадан кейін көше тұрғындары мен куәгерлер оған алғыс білдіріп, ерлігі мен дер кезінде көрсеткен көмегі үшін арнайы бейнеүндеу жолдаған.

Полицейдің бұл әрекеті – кәсібилік пен адамгершіліктің, сондай-ақ кез келген сәтте көмекке келуге дайын болудың айқын үлгісі.