Алматыда автобустарға бақылау күшейтілді

Бүгін, 16:22 / Інжу Әлихан
Алматы әкімдігі

Алматыда қоғамдық көліктің жұмысы мен жүргізушілер құрамына бақылау күшейтілді. Бұған тұрғындардан түсетін көптеген шағым себеп болды — қала бойынша апта сайын шамамен 800 өтініш келіп түседі, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қала әкімдігінің мәліметінше, тұрғындар көбіне автобусты ұзақ күтуге, салондардың санитарлық жағдайына, кондиционердің жұмыс істемеуіне және жүргізушілер тарапынан болатын тәртіп бұзушылықтарға шағымданады.

Осыған байланысты қалада жағдайды бақылауға арналған желілік-бақылау қызметі құрылды. Мамандар күн сайын қоғамдық көліктің техникалық жағдайын, қозғалыс кестесінің сақталуын және жолаушыларға қызмет көрсету сапасын тексереді.

Сонымен қатар тасымалдаушы компаниялар жүргізушілердің әрекетін бақылау үшін бейнемониторингті күшейтті. Тәртіп бұзушылықтың сипатына қарай ескерту жасаудан бастап сыйақыдан айыруға дейінгі тәртіптік шаралар қолданылады.

Қазіргі уақытта жолақы құнын көтеру мәселесі қарастырылып жатқан жоқ. Негізгі басымдық — тасымалдаушылар арасындағы қызмет сапасы мен тәртіпті жақсарту.