Кения еліміздің Egov жүйесіндегі, ғарыш және ақпараттық технология саласындағы жетістігіне қызығушылық танытып отыр – Президент

Бүгін, 15:52 / Алуа Арман
Ақорда

Бүгін Ақордаға Кения Президенті Уильям Руто келді. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Уильям Руто БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді. Брифинг барысында Қазақстан Президенті Кения еліміздің Egov жүйесіндегі, ғарыш және ақпараттық технология салаларындағы жетістігіне қызығушылық танытып отырғанын айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

– Сапар аясында Президент Руто мырза AlemАI халықаралық жасанды интеллект орталығының және Қазақстанның ұлттық ғарыш орталығының жұмысымен танысады. Келіссөздер барысында мәдениет, туризм, білім және ғылым салаларындағы байланыстарға да көңіл бөлдік. Кения табиғатты қорғау және биоалуандықты сақтау мәселесіне айрықша мән береді. Бұл ұстаным біздің еліміздегі «Таза Қазақстан» идеологиясымен үндес екенін ерекше атап өткім келеді. Сондай-ақ бүгін елордамызда Қазақстан-Кения бизнес-форумы өтіп жатыр. Осы маңызды жиынға екі елдің іскер азаматтары қатысуда. Бұл іс-шара қос тараптың алыс-берісін одан әрі тереңдетуге мүмкіндік берері сөзсіз. Біз үкіметтерімізге жан-жақты серіктестікті жандандыру үшін нақты шаралар қабылдау жөнінде тапсырма беруге уағдаластық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттер келіссөз барысында халықаралық мәселелер жөнінде пікір алмасқан.

– Африка құрлығындағы және Таяу Шығыстағы ахуалды талқыладық. Найроби аймақтық қақтығыстарды реттеуді көздейтін бітімгерлік бастамаларға белсенді қолдау көрсетуде. Сондай-ақ Кения Африкадағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту үшін жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Біз мұны жоғары бағалаймыз. Әлемдегі көптеген түйткілге қатысты Қазақстан мен Кенияның ұстанымдары – ұқсас. Екі ел де халықаралық мәселелерді тек бейбіт, дипломатиялық жолмен, яғни, келіссөздер арқылы шешу керек деп есептейді. Біз Біріккен Ұлттар Ұйымы және басқа да халықаралық құрылымдар аясындағы ықпалдастығымызды күшейтуге келістік. Жалпы, бүгінгі келіссөздер нәтижелі әрі мазмұнды болды деуге толық негіз бар. Біз Қазақстан мен Кения арасындағы байланысты нығайтуға, өзара тиімді серіктестікті кеңейтуге және түрлі саладағы нақты жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға дайынбыз. Бұл екі елдің де мүддесіне сай келеді, – деді Мемлекет басшысы.

Кения Президенті Мемлекет басшысымен көптеген саладағы ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған сындарлы және нәтижелі келіссөз жүргізгеніне назар аударды.

– Біз екіжақты қарым-қатынастың қазіргі жай-күйін қарастырып, сауда, инвестиция, инновация және өңірлік өзара ықпалдастық бағыттарындағы нақты шараларды іске асыру жайында уағдаластық. Кения Қазақстанды маңызды стратегиялық серіктес және Орталық Азияға, тұтас Еуразия аймағына негізгі қақпа санайды. Біз Қазақстанның Шығыс және Орталық Африка елдерімен байланысына дәнекер болуға дайынбыз. Қазақстан тарапына Найроби қаласында құрлықтағы қызметін ұйымдастырудың стратегиялық базасын жасақтауды, ал Момбаса және Ламу порттарын өңірлік нарыққа шығу үшін негізгі логистикалық хаб ретінде қарастыруды ұсындық, – деді Уильям Руто.

Тэгтер:

Тоқаев Кения