Шымкентте қоғамда үлкен резонанс тудырған қылмыстық іс аяқталды. Сот 30 жастағы Гүлмира Ергешованы балаларын азаптап, оларға қатыгездік көрсетті деп таныды, деп хабарлайды turkystan.kz otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Тергеу барысында әйелдің ұлы мен қызына психологиялық қысым көрсетіп, шаштарын тақырлап алып, моральдық зорлық-зомбылық жасағаны анықталды. Сондай-ақ қаңтар айында балаларын мұздай суға кіруге мәжбүрлеп, оларға азап көрсеткен.
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Алтын Билтебайдың айтуынша, сот Ергешова Гүлмира Фархатұлын Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі 1-2 тармақтары бойынша кінәлі деп танып, 5 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айырған. Жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.
Алайда сотталушы үкіммен келіспейтінін айтты. Оның сөзінше, оқиға кезінде өзін-өзі бақыламаған. Сондай-ақ ұзақ жылдар бойы күйеуі мен туыстары тарапынан қысым мен қорлық көргенін жеткізді. Ол балаларын мемлекет қамқорлығында қалдыруды сұрап, жасаған ісіне өкінетінін айтты.
Еске салайық, оқиға жыл басында болған. Туыстарының айтуынша, 10 және 8 жастағы балалар ұзақ уақыт бойы зорлық-зомбылық көрген. Бесінші сыныпта оқитын қыздың шашы да күштеп алынғаны хабарланған.
Қазір балалардың барлығы мемлекет қамқорлығына алынған. Сотталған әйел мен оның туыстары апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді.