Адамның қартаюына өмір сүретін елі тікелей әсер етеді – зерттеу

Бүгін, 18:17 / Ербұлан Қайрат
cурет: istockphoto.com

Адамның қартаю жылдамдығына тек ген емес, өмір сүретін елі де әсер етеді. Мұндай қорытындыға Stanford University мен University of Manchester ғалымдары жүргізген халықаралық зерттеу нәтижесінде келді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Зерттеу барысында мамандар Еуропа, Шығыс Азия және Оңтүстік Азия тектес 322 адамның ағзасын жан-жақты талдаған. Ғалымдар генетикадан бөлек, зат алмасу, иммундық жүйе, ішек микробиомы және «биологиялық жас» көрсеткіштерін зерттеді.

Нәтижесінде адамның тұратын ортасы ағза жұмысына тікелей ықпал ететіні анықталды. Мәселен, Солтүстік Америкада, яғни АҚШ пен Канадада тұратын еуропалықтар Еуропада өмір сүретіндерге қарағанда баяуырақ қартаяды. Ал шығысазиялықтар өздерінің тарихи аймақтарында жүргенде төмен биологиялық жас көрсеткен.

Зерттеушілер мұны тамақтану мәдениеті, экология, медицина сапасы, күйзеліс деңгейі және ішек микробиомының өзгеруімен байланыстырады. Себебі адам басқа елге көшкенде оның ағзасындағы бактериялар құрамы да өзгеріп, зат алмасу мен иммундық реакцияларға әсер етеді.

Ғалымдар әр этностың қоршаған орта мен тағамға реакциясы да әртүрлі болатынын айтады. Кей өзгерістер май алмасуының бұзылуы, аутоиммундық және нейродегенеративті аурулар қаупімен байланысты болған.

Зерттеу авторларының пікірінше, бұл жаңалық болашақта дербестендірілген медицинаны дамытуға көмектеседі. Яғни дәрігерлер адамды емдегенде тек генетикасын ғана емес, оның қай жерде өмір сүретінін де ескеретін болады.

Тэгтер:

ел қартаю