«Алтын орда – дала өркениетінің үлгісі ретінде: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» халықаралық симпозиумында Алтай тауларынан Батыс Еуропаға дейінгі аралықты алып жатқан алып империя Алтын орда мемлекетінің адамзат баласының дамуына қосқан үлкен үлесі жан-жақты қарастырылды. Осы кезге дейін зерттелген тақырыптар толықтырылып жаңа мәліметтерге арналған мазмұнды баяндамалар жасалды.
Мемлекет басшысы бұл симпозиумға қатысып Алтын орда тақырыбына ерекше мән бергені өте маңызды қадам. Әсіресе қолжазба мұралар мен сирек кездесетін деректерді зерттеуге назар аударуға мән бергендігі Алтын орда тақырыбын жаңа көзқараспен зерттеуге серпін береді деген ойдамын. Алтын орда симпозиумында ерекше әсер еткен оқиға түркі халықтарының басын біріктіретін тың зерттеулер деуге болады. Ол зерттеулер Алтын орда мемлекеттіндегі фольклорға, тіл мен жазба дереккөздерге, эпиграфикаға, эпитафияға, сәулет өнеріне, музыка мен қолөнерге қатысты болып келеді. Бір кезде бүкіл түркі халқының басын біріктірген Алтын орда мемлекеті бүгінгі түркітілдес елдер үшін аса маңызды тақырып.
Алып территорияны басқару үлкен табандылық, дипломатия мен стратегияны қажет ететіні белгілі. Алтын орда мемлекетін басқару үшін осы қажеттіліктің бәрі табылды және әлем халқына жаңа идеялар алып келді. Дала өркениетінің ерекше үлгісі болған Алтын орда мемлекетінің тарихын жан жақты әрі кешенді зерттеу жұмыстарына мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың нәтижесінде жаңа әрі тың зерттеулер жасалады деп сенемін.
Ғалия Қамбарбекова,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Шығыстану факультеті,
Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының доцент-зерттеушісі, ф.ғ.к