Қазақстандық кәсіпқой боксшы, WBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы әлеуметтік желіге қайта оралып, алдағы жекпе-жегіне қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды turkystan.kz.
"Qazaq Style" лақап атымен танымал боксшы X желісіндегі парақшасында әсерлі жазба жариялап, желтоқсан айында чемпиондық атағын қорғайтынын хабарлады.
Жәнібек бала кезінен боксқа келгенін еске алып, әлі де рингте үлкен мақсаттары бар екенін айтты.
"Мен алғаш рет бокс қолғабын 6 жасымда кидім. 27 жыл өтсе де, әлі рингтемін. Осы төрт бұрыштың ішінде талай нәрсені көрдік, ал алда әлі талай белес бар. Мен рингті сағындым, жанкүйерлер де бізді сағынғанын білемін. Желтоқсанда әлем чемпионы атағымды қорғаймын", – деп жазды боксшы.
Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой бокста әлі жеңіліс көрмеген. Қазіргі таңда ол орта салмақтағы WBO әлем чемпионы ретінде танылып жүр.