Мұхтар Әуезовтің бұрын еш жерде жарияланбаған тарихи суреті табылды (ФОТО)

Бүгін, 21:43 / Жамбыл Жайлау
ашық дереккөзден

Қазақ әдебиетінің классигі, ұлы жазушы Мұхтар Әуезовке қатысты бұрын көпшілікке белгісіз болып келген сирек фотосурет табылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Тарихи кадрда қаламгердің қазақтың ұлттық зияткерлік ойыны – тоғызқұмалақ ойнап отырған сәті бейнеленген. Мамандардың айтуынша, Мұхтар Әуезов өз заманында тоғызқұмалақ ойынын қайта жандандыруға және оның насихатталуына үлес қосқан тұлғалардың бірі болған.

Бұл фотосуретті "Алматыкітап" баспасының қызметкерлері тапқан. Олар кейін Қазақстан тоғызқұмалақ спорты федерациясының вице-президенті, Binom мектептер желісінің басшысы Шолпан Қадыроваға хабарласып, тарихи сурет туралы сүйінші хабар жеткізген.

Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті, қоғам және мемлекет қайраткері Әлихан Байменовтің айтуынша, фото шамамен 1950 жылы түсірілген. Қазіргі уақытта суреттің түпнұсқасы мен нақты қай жерде түсірілгеніне қатысты зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Әлихан Байменов Мұхтар Әуезов пен Қалибек Қуанышбаевтың кеңестік кезеңде ұлттық руханиятқа қысым күшейген уақытта тоғызқұмалақ ойынын сақтап қалуға атсалысқанын атап өтті.

Оның сөзінше, олар ойын ережелерін қайта жаңғыртып, жарыстар өткізуге мұрындық болған. Бұған дейін бұл деректер құжаттар арқылы белгілі болса, енді сол кезеңнің бейне дәлелі табылып отыр.

Тэгтер:

Мұхтар әуезов