Маңғыстауда кәсіпкер әйелдер бас қосқан «NEXT ERA» конгресі өтті

Бүгін, 21:15 / Дана Ізтілеуова
«AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Елімізде «Әйел және Бизнес. NEXT ERA» атты әйелдер кәсіпкерлігінің өңірлік конгресі бастау алды. Оның алғашқы жиыны Ақтау қаласында өтті. 250-ден астам қатысушы бас қосқан маңызды іс-шараны «AMANAT» партиясы жанындағы Әйелдер қанаты мен «Атамекен» ҰКП Іскер әйелдер кеңесі ұйымдастырды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ауқымды іс-шара Маңғыстау өңірінің барлық аудан-қаласынан келген кәсіпкер әйелдерді, қоғам белсенділерін, сарапшылар мен түрлі сала өкілдерін бір алаңға жинады. Конгресс аясында әйелдердің экономикалық белсенділігін арттыру, цифрлық трансформация, жасанды интеллект дәуіріндегі бизнес, отбасылық құндылықтар және қоғамдағы әйел көшбасшылығы мәселелері кеңінен талқыланды.

Конгресс «STEPPE BAZAAR» көрме-жәрмеңкесінен басталды. Онда өңірдегі 45-тен астам жергілікті кәсіпкер өз өнімін таныстырды. Ұлттық тағамдар, қолөнер бұйымдары, фермерлік өнімдер, отандық брендтердің киімдері мен тұрмыстық тауарлары көпшілік назарына ұсынылды. Бұл көрме жергілікті бизнестің әлеуетін ғана емес, ұлттық нақыш пен өңірлік кәсіпкерліктің жаңа тынысын көрсетті.

Пленарлық сессия барысында «AMANAT» партиясының Хатшысы, Әйелдер қанатының төрағасы Шолпан Каринова бүгінде әйелдердің құқығын қорғау мен гендерлік теңдікті қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың маңызды бағытына айналғанын атап өтті.

«Әйелдердің әл-ауқаты – ұлттың жарқын болашағының кепілі. Сондықтан біз әйелдердің білім алуына, кәсіп бастауына, жаңа технологияларды меңгеруіне және шешім қабылдау процесіне қатысуына барынша жағдай жасауымыз керек. Әсіресе ауылдағы кәсіпкер әйелдерге қолдау көрсету – стратегиялық міндет. Партия алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмысын жалғастырады», – деді ол.

Шолпан Каринова өз сөзінде «AMANAT» партиясы жанындағы Әйелдер қанаты ауыл әйелдерінің кәсіпкерлігін дамытуға, қаржылық сауаттылығын арттыруға және цифрлық мүмкіндіктерге қолжетімділігін кеңейтуге басымдық беріп отырғанын айтты.

Бүгінде партияның Әйелдер қанаты республика бойынша мыңдаған белсенді әйелді біріктіретін ауқымды қоғамдық күшке айналды. Әйелдер қанаты тек әлеуметтік мәселелермен шектелмей, кәсіпкерлік, инклюзия, цифрлық теңдік, ғылымдағы әйелдердің рөлі және саяси көшбасшылық бағыттарында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

Конгресте сөз сөйлеген Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға, олардың қоғамдағы белсенділігін арттыруға бағытталған бастамалар бен қолдау ерекше құрметке лайық екенін атап өтті.

«Бүгін республика көлемінде ұйымдастырылып отырған өңірлік конгрес әйелдер кәсіпкерлігі, цифрлық экономика, жасанды интеллект, отбасылық құндылықтар және өңірлік бизнесті дамыту бағыттарындағы жаңа сын-қатерлерді, мүмкіндіктер мен заманауи трендтерді талқылайтын ашық әрі маңызды алаңға айналып отыр. Кәсіпкер әйелдердің басын қосып, тәжірибе алмасуға, өзара байланыс орнатуға және жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын осындай ауқымды іс-шараны ұйымдастыру – үлкен жауапкершілік пен қажырлы еңбектің нәтижесі. Осындай маңызды алаң көптеген кәсіпкер әйелдерге шабыт сыйлады деген сенімдемін», – деді Аббат Өрісбаев.

Өз кезегінде «Атамекен» ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Ләззат Рамазанова өңірлік конгрес жергілікті жерлердегі әйелдерді қолдаудың нақты әрі тиімді құралына айналуға тиіс екенін атап өтті.

«Бүгінде әйелдер кәсіпкерлігі тек шағын бизнеспен шектелмейді, ол өңірлердің экономикалық дамуына серпін беретін маңызды күшке айналып отыр. Осындай конгрестер арқылы біз әйелдерге нақты тәжірибе мен практикалық құралдар ұсынып, жаңа орта қалыптастыруға мүмкіндік береміз әрі олардың бастамалары экономика, отбасы және қоғам үшін маңызды екенін сезіндіруді көздейміз. Бұл ретте біз үшін тек бизнес пен мансап мәселесін талқылау жеткіліксіз. Отбасы құндылығы, ішкі үйлесім, бала тәрбиесі және әйелдің өз болмысын жоғалтпай, түрлі рөлді қатар алып жүруі де аса маңызды», – деді Ләззат Рамазанова.

Іс-шара барысында «Жаңа дәуірдің күн тәртібі» және «Мұра мен құндылықтар – болашаққа қуат» атты панельдік сессиялар ұйымдастырылды. Сарапшылар еңбек нарығындағы өзгерістер, өңірлік бизнесті дамыту, маркетплейстердегі сауда және киберқауіпсіздік, жасанды интеллект мүмкіндіктері туралы нақты кейстер мен тәжірибелерін ортаға салды. Атап айтқанда, «AMANAT» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы Әйелдер қанатының жетекшісі Пәния Сармурзина, белгілі журналист, тележүргізуші әрі актриса Айгүл Мүкей, мәдениеттанушы, этнограф Зира Наурызбай, кәсіпкер, инфлюенсер әрі көпбалалы ана Жансая Сабанбай, қоғам қайраткері Айнұр Бектұрған, «ADAMANT» ресурстық орталығының негізін қалаушы Шолпан Түсіпбекова, ақпараттық қауіпсіздік саласының сарапшысы Лаура Тлепина, «ӨРКЕН» жоғары жетістіктер мектебінің Project manager-і Қайрат Хасанов, «Business Advancement School» ЖШС тең құрылтайшысы Айжан Хамитова, салық кеңесшісі Жасұлан Серік, IT кәсіпкер Өмірбек Құрбанбаев, NEO дүкендер желісінің негізін қалаушы Асан Тұмыш, QazComPass жобалық кеңсесінің жетекшісі Оксана Васильева сөз сөйледі.

Жиын соңында қатысушылар әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, тәжірибе алмасу және өңірлік іскерлік байланысты нығайту бағытындағы мұндай алаңдардың маңызы зор екенін атап өтті.