21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты күдікті қайтадан тергеу изоляторына ауыстырылды. Бұл туралы жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаров мәлімдеді, деп turkystan.kz тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Қорғаушының айтуынша, күдікті қазір Шымкент қаласындағы Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің №69 мекемесінде отыр. Медициналық тексеріс нәтижесінде оның денсаулығы жақсы екені және есі дұрыс деп танылғаны белгілі болды.
Аянхан Омаров жәбірленуші тарап күдіктінің туыстарын да жауапкершілікке тартуды талап етіп отырғанын айтты. Олардың пікірінше, қызды алып қашу оқиғасына күдіктінің жақындары да қатысқан болуы мүмкін.
"Күдіктінің туыстарын алдын ала сөз байласу арқылы некеге тұруға мәжбүрлеу бойынша жауапқа тарту туралы полицияға бірнеше рет өтініш бердік. Өтініштер қабылданды, бірақ мәселе әлі қаралып жатыр", – деді адвокат.
Сонымен қатар Нұрай Серікбайдың туыстары тағылған айыпты ауырлатуды сұрап отыр. Олар істі Қылмыстық кодекстің 125-1-бабының 1-бөлігінен 3-бөлігіне, яғни "абайсызда ауыр зардаптарға әкеп соққан некеге тұруға мәжбүрлеу" бабына ауыстыру қажет деп есептейді.