Әнші Толқын Забирова "Таңшолпан" бағдарламасына берген сұхбатында жолдасының қазақ өнеріне қосқан үлесі туралы айтты. Өнер иесі көпшілік тарапынан жиі қойылатын сұрақтарға жауап беріп, күйеуінің сахна сыртындағы еңбегін ерекше атап өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Әншінің сөзінше, жолдасы ұзақ жылдар бойы қазақ өнеріне қызмет етіп келе жатқанымен, өзін көпшілікке көрсетуді немесе насихаттауды қаламайды. Оның айтуынша, бұл – оның болмысына тән қасиет.
"Менің жолдасым қазақ өнеріне еңбек етіп жүрсе де, өзін жариялағанды ұнатпайды. Қолынан көп іс келеді, бірақ өзін көрсеткісі келмейді. Ұлты қазақ болмаса да, жаны да, жүрегі де қазақ. Қазақ өнеріне шын берілген азаматтардың бірі", – деді Толқын Забирова.
Өнер иесі жолдасының Жамбыл өңірінде дүниеге келіп, ерте жастан жетім қалғанын да айтты. Оның сөзінше, ол 1,5 жасында ата-анасынан айырылып, балалар үйінде өскен. Соған қарамастан, өмірде өз жолын өзі салып, үлкен еңбекпен биік деңгейге жеткен.
Толқын Забирова күйеуінің қазақ өнерінің майталмандарымен бірге жұмыс істегенін жеткізді. Оның айтуынша, ол Ермек Серкебаев, Роза Бағланова секілді өнер тұлғаларымен қатар еңбек етіп, көптеген концерттік және гастрольдік бағдарламаны ұйымдастыруға атсалысқан.
"Көптеген өнер адамын сахнаға шығарған – менің жолдасым. Қазақконцерттің гастрольдік бағдарламаларымен 35 жыл айналысты. Қазақ шоу-бизнесінің қалыптасуына үлес қосқан, оның алғашқы кірпішін қалаған азаматтардың бірі", – деді әнші.
Сондай-ақ Толқын Забирова кейде жолдасының ұлтына қатысты айтылатын пікірлерге де жауап берді. Ол балаларының қазақ жерінде дүниеге келгенін, құжаттарында да қазақ деп жазылғанын атап өтті.
Әнші ана атанар кезде шетелде босану туралы ұсыныстар көп түскенін де жасырмады. Оның айтуынша, Америка, Германия, Франция секілді елдерге барып босануға мүмкіндік болған.
Алайда Толқын Забирова балаларын туған жерінде дүниеге әкелуді таңдаған.
"Менің елім, жерім, кіндік қаным тамған мекенім – қазақ жері. Балаларым да осы жерде туылуы керек дедім. Ал кейін қай елде тұратынын өздері шешеді", – деді өнер иесі.