Қасым-Жомарт Тоқаев тарих халықтарды біріктіретін құрал екенін айтып, әділетті әрі қауіпсіз әлем құру үшін ғылыми қауымдастықтың ынтымақтастығын күшейту маңызды екенін атап өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Тарих халықтардың арасын жалғайтын алтын көпір ретінде әділетті әрі қауіпсіз әлем құруға ықпал етуі қажет.
Сол үшін ортақ мүдде жолында күш біріктіріп, бірлесе әрекет етуіміз қажет.
Бұл мәселеде ғылыми қауымдастық айрықша рөл атқаратыны анық. Бүгінгі жиында айтылатын салмақты ойлар мен ұтымды ұсыныстар жаңа ғылыми еңбектерге, халықаралық жобалар мен экспедицияларға негіз болатыны сөзсіз.
Біз бұл симпозиумды тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отырмыз.
Сіздер алдағы уақытта да осы маңызды жұмысқа мол үлес қоса бересіздер деп ойлаймын. Баршаңызға тағы да зор алғыс айтамын.
Шын мәнінде, бүгінгі симпозиумның тарихи мәні айрықша. Осы маңызды жиынның қорытындысы бойынша арнайы қарар қабылданады.
Бұл құжат Алтын Орданың тарихы мен мұрасын зерттеу жұмысына тың серпін береді деп сенемін» , – деді Президент «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиумында.
Сонымен қатар симпозиумда ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар орталығының директоры Лазар Элунду Ассомо, Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы Арслан Койчиев, Татарстан Республикасының Мәдениет министрі Ирада Аюпова, «La France s’engage» қорының президенті Одрэ Азуле, Моңғолия Ғылым академиясының президенті Дэмбэрэл Содносамбуу, Өзбекстан Ғылым академиясының президенті Шавкат Аюпов сөз сөйледі.