Президент: Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге атауы ұлыстың «данг» сөзінен тамыр тартады

Бүгін, 15:28 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орда дәуірінде ақша жүйесі дамығанын, көптеген тиын сарайлары табылып жатқанын және теңге атауының тарихи тамыры бар екенін айтып, Жошы ұлысы Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағын бақылап, Еуразиядағы маңызды сауда-логистикалық орталық болғанын атап өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

 «Көптеген беделді ғалымдардың пікірінше, қазір Алтын Орданың ақша жүйесінде мән-маңызы айрықша жаңалықтар ашылып жатыр. Археологтар осы кезге дейін беймәлім болып келген ондаған тиын сарайын тапты.

Мамандардың айтуынша, нағыз өрлеу кезеңінде Алтын Ордада шамамен 28 миллион күміс тиын соғылған.

Қазір мемлекеттік және жеке қордағы сол дәуірге тиесілі тиындардың жалпы саны бір миллионға жетеді.

Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге атауы ұлыстың «данг» сөзінен тамыр тартады. «Деньги» сөзінің түбірі де осы ұғымнан тараған болуы мүмкін.

Бұған жай ғана лингвистикалық сәйкестік ретінде қарауға болмайды. Бұл – кең байтақ аймағымызда пайда болған ақша жүйесінің Алтын Орда заманында жасалғанын көрсететін нақты дәлел.

Алтын Орда Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағын түгел бақылауда ұстап, даланы қауіпсіз тасымал дәлізі ретінде дамытты.

Жошы Ұлысының аумағы арқылы жыл сайын мыңдаған тонна тауар өтіп жатты. Атап айтқанда: Қытайдан – жібек, Үндістаннан – дәмдеуіштер, Ресей жерінен – тері өнімдері, Еуропадан, Таяу және Орта Шығыс елдерінен – қолөнер бұйымдары тасымалданды» , – деді Президент «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиумында.

.