Тоқаев: Алтын Орданың мемлекеттік басқару жүйесін мұқият зерделеу қажет

Бүгін, 15:22 / Інжу Әлихан
Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жошы ұлысы мен Алтын Орда дәуіріндегі мемлекет жүйесінің ауқымы мен тұрақтылығын атап өтіп, оның күшті институттар мен құқықтық тәртіпке негізделгенін, сондай-ақ Дала заңы мен ислам құқығы үйлесіп, қоғамдық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз еткенін айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Жошы ұлысының дәуірлеп тұрған кездегі аумағы 6 миллион шаршы шақырымды алып жатты. Тіпті, Рим империясының ең айбынды кезеңінде мұндай жер көлемі болмаған.

Кейбір тарихшылардың пікірі бойынша, Алтын Орданың Дала Римі деп аталуы да – осыдан. Бірақ алып империяның қуаты жерінің көлемінде емес, оның институционалдық негізі, яғни, мемлекеттік басқару жүйесінің мықты болуында еді.

Жошы ұрпақтары Хань немесе Габсбург династиялары секілді ғасырлар бойы, яғни, 600 жылдан астам уақыт Ұлы дала төсіндегі түрлі мемлекеттік құрылымдарға билік жүргізді.

Бұл Жошы ханның ұрпақтары құрған мемлекет жүйесі тұрақты әрі өміршең болғанын көрсетеді. Соның арқасында әртүрлі этнос пен дін өкілдері тату-тәтті өмір сүрді.

Алтын Орда дәуірінде Дала заңы мен ислам құқығының үйлесімді жүйесі қалыптасты.

Ал қоғамдық тәртіп қағидатының бастауында Түрік қағанатының құқықтық мәдениеті мен Шыңғыс ханның «Ұлы жасақ» заңы тұрды.

Заң үстемдік құрған алып империяның әр түкпірінде адамның және оның мал-мүлкінің қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілді. Бұл – қоғамдық тәртіп болды деген сөз» , – деді Президент «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиумында.

Сонымен қатар Президент Алтын Орда дәуірінде дамыған басқару жүйесі, Құрылтай институты және меритократия қағидаты қоғамдағы әділдік пен тұрақтылықты қамтамасыз еткенін айтып, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының тиімділігі арқылы этностарға тең мүмкіндік берілгенін және Алтын Орданың халықаралық байланыстары мен саяси тұрақтылығы кейінгі мемлекеттерге үлгі болғанын атап өтті.

«Бұдан бөлек, Алтын Орда заманында озық іс жүргізу жүйесінің болғаны туралы нақты тарихи деректер бар.

Сондай-ақ Құрылтай институты дала демократиясының бірегей үлгісі ретінде қызмет етті. Ұлыстың әлеуметтік құрылымы айқын әрі тұрақты болса да, қоғамда қатып қалған қағида емес, әділдік басты рөл атқарды.

Әскерде және мемлекеттік аппаратта темірдей тәртіпке, мінсіз қызмет пен меритократия қағидасына ерекше назар аударылды. Мұның бәрі алып державаны мекен еткен барлық этнос және түрлі топ өкілдеріне мол мүмкіндік берді.

Осылайша, ұтымды ішкі және сыртқы саясаттың арқасында қоғамда тұрақтылық сақталды, мемлекет те өсіп-өркендеді.

Алтын Орда Мысыр мәмлүктерімен, Ватиканмен, Византиямен, Осман империясымен және Еуропа елдерімен тығыз дипломатиялық байланыс орнатты.

Жалпы, тарихта «Ұлы дүрбелең» деген атпен қалған саяси дағдарыс кезінде де Алтын Орданың мемлекеттік басқару жүйесі сыр берген жоқ, яғни, тұрақтылығын сақтап қалды. Бұл жүйені кейін Еуразия аймағындағы көптеген мемлекет басшылыққа алғаны баршаңызға мәлім», – деді Қ. Тоқаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Алтын Орданың экономикалық құрылымын жан-жақты зерттеген жөн екенін мәлім етті.

«Баршамызға белгілі, ежелдегі Месопатамия, Мысыр, Қытай, Үндістан өркениеттері көп жағдайда өзен аңғарларын игеру арқылы қалыптасты. Ал Ұлы дала мүлде басқа тарихи даму жолынан өтті.
 
Осыдан бес мың жыл бұрын қазіргі Қазақстанның солтүстігінде орналасқан Ботай жерінде адам баласы ең алғаш рет жылқыны қолға үйретті. Бұл әлем тарихына түбегейлі жаңа сипат берген оқиға болды.
 
Атқа міну мәдениетімен қатар дала өркениетінде стратегиялық ойлау қабілеті және мейлінше қолайлы өмір сүру салты пайда болды.
 
Осылайша, Алтын Орда Еуразияның ұлан-ғайыр даласындағы барлық негізгі көлік, сауда және гуманитарлық байланыстарды бақылауда ұстап, салт атты көшпенділер өркениетінің ең биік шыңына көтерілді.
 
Бұл орайда, көшпенділік пен отырықшылық салтының үйлесім табуы Алтын Орданың тарих сахнасына жарқырай шығуының бірден-бір себебі болды деуге толық негіз бар.
 
Түптеп келгенде, Алтын Орда көшпенділер өмірін, қаладағы қолөнер мәдениеті мен сауда жолдарын өзара тығыз байланыста дамыту арқылы тұрақты ақша және салық жүйесі бар, экономикасы дамыған ел ретінде қалыптасты», – деді Президент.