Ұлы даланың интеллектуалдық мұрасын табиғи түрде қалыптасқан, біздің өңірге тән идеологиялық субстанция ретінде атасақ, артық болмайды. Бұл туралы Мемлекет басшысы «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиумында айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Осы зияткерлік және рухани сабақтастық сан ғасырларды көктей өтіп, хакім Абайдың шығармаларынан көрініс тапты.
Ұлы ойшыл «Толық адам» тұжырымдамасы арқылы кемеңгер тұлға тәрбиелеудің формуласын ұсынды. Оның өзегінде «нұрлы ақыл, жылы жүрек, ыстық қайрат» үштағаны тұр.
Сондықтан Ұлы даланың интеллектуалдық мұрасын табиғи түрде қалыптасқан, біздің өңірге тән идеологиялық субстанция ретінде атасақ, артық болмайды. Осынау рухани қазынаның бүкіл әлем үшін мән-маңызы зор. Бұл – біртұтас философиялық, идеологиялық мұра.
Қазақстан осы идеялық құндылықтарды бағдар етуге және оны жан-жақты дәріптеуге ниетті. Сол үшін «Al-Farabi», «Qoja Ahmet Yasaui» ордендерін мемлекеттік марапаттар тізіміне енгіздік.
Бұл жоғары наградалар ғылым мен руханиятты дамытуға айрықша үлес қосқан тұлғаларға, соның ішінде шетелдік ғалымдарға, саяси және қоғам қайраткерлеріне табысталады.
Таяуда ғана елімізге мемлекеттік сапармен келген Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған «Qoja Ahmet Yasaui» орденінің тұңғыш иегері атанды.
Осылайша, біз тарихи тағдыры ортақ туысқан халықтардың келешегі жолындағы ақыл-ой еңбегі мен ырысты ынтымақтың маңызды екенін айрықша атап көрсетеміз», – деді Президент.