Қамысты ауданының прокуратурасы қадағалау қызметі барысында шаруа қожалығымен Қамысты ауданы Аралкөл ауылдық округінде орналасқан 455 гектар жер учаскесін нысаналы мақсаты бойынша пайдаланбау фактісін анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ауыл шаруашылығы дақылдарын егуге арналған жер телімі ұзақ уақыт пайдаланылмаған, егістік жер өңделмеген және арам шөптердің өскені анықталды.
Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 92-бабы 4-тармағының 1) тармақшасына сәйкес шаруа немесе фермер қожалығын немесе ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін берілген жер учаскесін пайдаланбау жағдайларына егістікте жер учаскесін ауыл шаруашылығы дақылдарын егу үшін өңдеу жөніндегі жұмыстардың жүргізілмеуі жатады.
Прокурорлық қадағалау актісі бойынша жер заңнамасының бұзушылықтары жойылды. Қамысты аудандық сотының шешімімен кадастрлық құны 10 миллион теңге жер учаскесі мемлекеттік меншікке мәжбүрлеп алынды.
Қайтарылған жер учаскесі ауданның арнайы жер қорына енгізілді және жер заңнамасына сәйкес шаруа (фермер) қожалығын жүргізу үшін азаматтарға қайта бөлінеді.