Салқын сумен жуыну арықтауға көмектесуі мүмкін

Бүгін, 19:45 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Салқын душ артық салмақтан арылуға көмектесуі мүмкін. Мұндай қорытындыға Нидерланд пен Ұлыбритания ғалымдары келді. Олар зерттеу нәтижелерін Семіздік жөніндегі Еуропа конгресінде жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.

University of Nottingham және Leiden University Medical Center мамандары артық салмағы бар адамдарға суықтың ұзақ әсері қалай ықпал ететінін зерттеген. Тәжірибеге артық салмағы немесе семіздігі бар 47 ересек адам қатысқан.

Еріктілердің жартысына мұз салынған арнайы жилеттер мен белдік берілді. Құрылғылардағы гель пакеттер мұздатқышта сақталып, 15 °C температураны ұстап тұрған. Қатысушылар бұл жилеттерді жұқа футболканың сыртынан күн сайын таңертең екі сағаттан киіп жүрген және сол уақытта күнделікті істерін жалғастырған.

Алты аптадан кейін осы топ орта есеппен 0,9 келі салмақ тастаған. Ғалымдардың айтуынша, жоғалған салмақтың басым бөлігі май тіндерінің есебінен кеткен. Ал бақылау тобындағы адамдар керісінше орташа есеппен 0,6 келі қосқан.

Зерттеу авторларының бірі доктор Мариетт Бун мұндай әдіс үй жағдайында қолдануға ыңғайлы әрі арзан екенін айтты. Оның сөзінше, бұл дұрыс тамақтану мен физикалық белсенділікке қосымша құрал ретінде пайдалы болуы мүмкін.

Ғалымдар суықтың әсері қоңыр май тінін белсендіретінін түсіндірді. Бұл тін ағзадағы май қорын жылуға айналдырып, энергия жұмсайды. Сонымен қатар, әдіс қандағы қант пен май деңгейіне, қабыну процестеріне де оң ықпал етуі ықтимал.

Қазір зерттеушілер суық душтың да осындай әсері бар-жоғын тексеріп жатыр. Бірақ олар өте суық суға түсу қауіпті болуы мүмкін екенін ескертті, өйткені ол ағзада «суық шок» тудыруы ықтимал.

Тэгтер:

арықтау салқын душ