Аустралия ғалымдары пластик шәйнектің қаупі туралы айтып дабыл қақты

Бүгін, 18:45 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Аустралия ғалымдары пластик шәйнектер адам ағзасына микро- және нанопластиктің түсу көзі болуы мүмкін екенін анықтады. Зерттеу нәтижелері NPJ Emerging Contaminants ғылыми журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Зерттеу барысында мамандар сегіз пластик шәйнекте қайнатылған суды талдаған. Нәтижесінде жаңа полипропилен шәйнекті алғаш пайдаланғанда оның ішкі қабырғасынан өте көп мөлшерде пластик бөлінетіні белгілі болды. Ғалымдардың есебінше, алғашқы қайнатудан кейін судың әр миллилитрінде шамамен 12 миллион нанопластик бөлшегі кездеседі.

Авторлардың мәліметінше, бір кесе шайдың өзінде шамамен 3 миллиард пластик бөлшегі болуы мүмкін. Бұл көрсеткішке микропластик бөлетін шай қалташалары әлі қосылмаған.

Ғалымдар пластик мөлшерін азайтудың екі әдісін атады. Біріншісі – минералы көп қатты суды пайдалану. Мамандардың пікірінше, қайнату кезінде пайда болатын қақ пластик бөлшектерінің бір бөлігін ұстап қалады.

Екінші тәсіл – шәйнекті алғаш қолданар алдында бірнеше рет су қайнатып, төгіп тастау. Зерттеу көрсеткендей, он рет қайнатқаннан кейін бөлінетін пластик көлемі айтарлықтай азайған, ал 50 циклден соң өте төмен деңгейге түскен. Дегенмен толық жойылмаған.

Тіпті 150 рет қайнатудан кейін де ғалымдар судың әр миллилитрінен шамамен 820 мың нанопластик бөлшегін анықтаған. Бұл бір кесе суға шаққанда шамамен 205 миллион бөлшекке тең.

Зерттеушілер қарапайым шаю мұндай нәтиже бермейтінін атап өтті. Сондықтан олар өндірушілерді шәйнекті алғаш қолдану жөніндегі нұсқаулықтарды айқынырақ көрсетуге шақырды.

Әзірге мамандар мұндай пластик концентрациясының адам денсаулығына нақты қаншалықты қауіпті екенін дөп басып айта алмайды. Алайда бұған дейінгі зерттеулер микропластиктің ішек, өкпе жұмысының бұзылуымен және Паркинсон секілді нейродегенеративті аурулармен байланысы болуы мүмкін екенін көрсеткен.

Тэгтер:

Шәйнек пластик