Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінде халықаралық GreenTech Horizons (Erasmus+) жобасы аясында Цифрлық инновациялық шешімдер зертханасының салтанатты ашылуы өтті. Бұл жаңа кеңістік тұрақты даму, экологиялық бастамалар және инновациялық білім беру бағытындағы заманауи цифрлық технологияларды әзірлеп, енгізуге арналған маңызды алаңға айналмақ, деп хабарлайды turkystan.kz.
Green Tech Horizons жобасы Erasmus+ бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылуда. Ол білім беру, ғылыми зерттеулер мен халықаралық ынтымақтастық арқылы жасыл және цифрлық экономикаға көшуді қолдауға бағытталған. Жоба Орталық Азия, Шығыс Еуропа және Азия елдерінің жоғары оқу орындарының бірлесе отырып, тұрақты даму мен цифрлық трансформация саласында тәжірибе алмасуын көздейді.
Ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген ҚазҰУ Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алина Галеева бүгінде университеттер тек білікті маман даярлайтын орталық емес, тұрақты даму мен цифрландырудың жаңа шешімдерін қалыптастыратын драйверге айналғанын атап өтті. GreenTech Horizons зертханасының ашылуы студенттер мен зерттеушілерге халықаралық жобаларға қатысуға, тәжірибелік құзыреттерін дамытуға және заманауи жаһандық сын-қатерлерге жауап беретін инновациялық бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар зертхана аясында жасанды интеллект, экологиялық үдерістерді цифрландыру, деректерді талдау, тұрақты технологиялар және Smart City шешімдері бағытындағы жобалар жүзеге асырылады.
Іс-шараға Еуропалық білім және мәдениет жөніндегі атқарушы агенттіктің (EACEA) жобалық офицері, Орталық Азиядағы «Жоғары білім әлеуетін арттыру» бағыты бойынша мониторингтік топтың сарапшысы Мария-Соль Домингез Паррадо арнайы қатысты. Жобалық офицер Орталық Азия университеттері цифрлық технологияларды, тұрақты даму қағидаттарын және халықаралық ынтымақтастықты ұштастыратын бастамаларды белсенді түрде дамытып отырғанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, мұндай зертханалар ғылыми байланыстарды нығайтуға, тәжірибе және білім алмасуға, сондай-ақ тұрақты болашаққа арналған инновациялық шешімдер әзірлей алатын жаңа буын мамандарын даярлауға ықпал етеді.
Сондай-ақ шарада Обуда университетінің шақырылған профессоры Амир Мосави де құттықтау сөз сөйлеп, жылы лебізін білдірді.
Жиын соңында арнайы кампус-тур ұйымдастырылып, қонақтар ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық қызметі және заманауи инфрақұрылымымен танысты.