Шымкентте жасөспірім №149 бағыттағы автобусты таспен атқылады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқиға салдарынан автобустың әйнектері зақымданып, жолаушылар мен жүргізушінің өміріне қауіп төнген.
Тасымалдаушылардың айтуынша, автобусты жөндеу шығындарын өз қаражаттарынан төлеуге тура келген. №149 бағыттағы автобус Таскешу тұрғын алабына қатынайтын жалғыз қоғамдық көлік болып қала береді. Бағытта күн сайын 11 автобус қызмет көрсетеді.
Көлік қызметкерлерінің мәліметінше, мұндай жағдай бұл аумақта алғаш рет болып отырған жоқ. Екі жыл бұрын дәл осы ауданда бұзақылар бірден бес автобусты зақымдаған. Ол кезде кейбір автобустардың әйнектері жарылып, енді бірінде тас тесіп өткен ойықтар қалған.
Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі қозғалып келе жатқан автобусқа тас лақтырған жасөспірімнің жеке басы анықталғанын хабарлады. Ол – кәмелетке толмаған жергілікті тұрғын болып шыққан.
Жасөспірімнің заңды өкіліне бала тәрбиесіне қатысты міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды. Ата-анасына айыппұл салынды. Сонымен қатар кәмелетке толмаған жасөспіріммен және оның отбасымен профилактикалық әңгіме жүргізілді.