Талдықорғанда төбелес болып, 20 жастағы студент қаза тапты

Бүгін, 09:14 / Алуа Арман
istockphoto.com

Талдықорғанда жанжал кезінде 20 жастағы студент қаза тапты. Полиция күдіктіні ұстады, сот оны екі айға қамауға алуға санкция берді, қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Марқұмның анасының айтуынша, 7 мамыр кешінде оның ұлы достарымен футбол көруге кеткен. Пәтерде шамамен он адам болған, олардың арасында 17 жастағы мектеп оқушысы да болған.

Жастар арасында жанжал туындаған. Ұрыстан кейін олар сыртқа шыққан, кейін қайта кездескен. Анасының айтуынша, мектеп оқушысы оның ұлын қайта шақырып алып, оған алты рет пышақ жарақатын салған. Алған жарақаттарынан студент көз жұмды.

Әйелдің айтуынша, қайғылы оқиғаға дейін ол ұлымен бейнеқоңырау арқылы сөйлескен. Оның сөзінше, ұлының көңіл күйі жақсы болған, әзілдесіп, кейін тағы хабарласатынын айтқан.

Марқұмның отбасы әділ тергеу жүргізіліп, кінәлі адамның тиісті жазасын алуын талап етеді.

Жетісу облыстық полиция департаменті қылмыс жасады деген күдікпен ұсталған адамның уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлады.

«Мамандандырылған тергеу сотының шешімімен оған қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жан-жақты әрі объективті тергеу жүргізілуде. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қажетті тергеу және процессуалдық әрекеттер кешені атқарылып жатыр», – делінген полиция хабарламасында.

Ведомство мәліметінше, тергеу барысы Жетісу облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында.

Сондай-ақ полиция департаменті ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейтінін мәлімдеді.

Тэгтер:

қылмыс студент Талдықорған