Астана – Үрімші бағыты бойынша рейстер саны артты

Бүгін, 09:08 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Қазақстандық лоукостер FlyArystan 2026 жылғы 21 тамыз бен 24 қазан аралығында жаңартылған Астана – Үрімші – Астана бағыты бойынша рейстер жиілігінің артатынын мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Аталған кезеңде қосымша рейстер енгізіледі:

– Астанадан Үрімшіге қосымша рейстер жұма күндері орындалып, қазіргі сейсенбі, бейсенбі және жексенбі күндеріндегі рейстер кестесін толықтырады.
– Үрімшіден Астанаға кері қосымша рейстер сенбі күндері орындалады. Бұл дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндеріндегі қолданыстағы рейстерді толықтырады.

Астана – Үрімші бағытының дамуы FlyArystan әуекомпаниясының Қазақстан мен Қытай арасындағы әуе қатынасын нығайту мақсатында мемлекеттік органдармен бірлесіп атқарып жатқан жүйелі жұмысының нәтижесін көрсетеді. Әуекомпаниясы үшін Қытай стратегиялық нарық әрі халықаралық бағыттар желісін кеңейтудегі негізгі басымдықтардың бірі болып саналады. Рейстер кестесінің кеңеюі жолаушылар сапарларын ыңғайлы етіп, осы бағытқа деген артып келе жатқан сұранысты қанағаттандыруға бағытталған.

Үрімші FlyArystan халықаралық маршруттық желісіндегі негізгі бағыттардың бірі әрі Батыс Қытайдың маңызды көлік және іскерлік орталығы болып қала береді. Қала Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда және бизнес байланыстарын дамытуда маңызды рөл атқарады.

Бұған дейін әуекомпания Ақтау – Үрімші жаңа бағытының ашылғанын хабарлаған болатын. Алғашқы рейс 2026 жылғы 26 маусымға жоспарланған. Рейстер аптасына екі рет – сейсенбі және жұма күндері орындалады, ал кері рейстер сәрсенбі және сенбі күндеріне жоспарланған.

Билеттер әуекомпанияның ресми сайтында, мобильді қосымшасында және өзге де сату арналары арқылы қолжетімді. Стандартты тарифке салмағы 7 келіге дейінгі (өлшемі 56×23×36 см-ден аспайтын) бір дана қол жүгі кіреді.