"Бәле болды": Ләйлә Сұлтанқызы ел естімеген шындықты айтты (ФОТО)

Бүгін, 21:03 / Жамбыл Жайлау
ашық дереккөзден

Тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы әлеуметтік желіде жеке фото мен видеолардың таралуы туралы пікір білдіріп, жастарды сақ болуға шақырды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Журналистің сөзінше, қазіргі уақытта адамның жеке мәліметтерінің телефонда сақталуы және оның аяқасты көпшілікке тарап кетуі үлкен қауіпке айналып отыр. Мұндай жағдай адамның абыройына ғана емес, психологиялық жағдайы мен болашағына да ауыр әсер етуі мүмкін.

"Қазір ең қауіпті нәрсе қару емес, адам туралы "компроматтың" телефонда сақталуы мен оның таратылуы. Ешқандай жеке шекара, рұқсат, этика қалмай барады. Бір кезде "жаным" деген адам, ертең ашумен, хайп үшін, абайсызда немесе әдейі сенің ең әлсіз жеріңе соққы беруі мүмкін. Сол үшін жігітке де, қызға да айтарым: махаббатқа сенуге болады, бірақ өз қауіпсіздіктеріңді ешқашан ұмытпаңдар", – деп жазды ол.

Оның айтуынша, интим сипаттағы фото мен видео, құпиясөздер немесе жеке хаттар махаббатты дәлелдейтін нәрсе емес. Керісінше, мұндай деректер уақыт өте келе адамның өзіне қысым жасауға немесе бопсалауға пайдаланылуы мүмкін.

"Интим фото, интим видео, пароль, жеке хат. Бұның бәрі біреуге дәлелдейтін махаббат емес. Бұл ертең өзіңе қарсы қолданылуы мүмкін құрал. "Маған сенбейсің бе?", "Мен ешкімге көрсетпеймін", "Біз отбасы боламыз ғой…" Осындай сөздерге сеніп, манипуляция мен шантаждың құрбаны болып қалмаңдар. Махаббат дәлелдеуді сұрамайды. Өзіңді қорға. Өзіңді сыйла. Себебі интернетке кеткен дүние ешқашан толық өшпейді. Сосын заң бар екенін де ұмытпайық. Біреудің интим фото/видеосын рұқсатсыз тарату – қылмыс. Ондай әрекет үшін заң алдында жауапкершілік қарастырылған", – деді Ләйлә Сұлтанқызы.

Тэгтер:

Ләйлә Сұлтанқызы