Мұстафа Өзтүріктің қызы Неслихан Өзтүрік әкесіне тиесілі тарихи жәдігерлерді Қазақстанның әр өңірінде көрсету туралы ұсыныс жасады. Ол бұл бастамасын Instagram парақшасында бөлісті, деп turkystan.kz тілшісі dalanews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Неслиханның жазуынша, Қазақстанның аумағы кең, қалалар арасындағы жол алыс болғандықтан, көп адамның Астанаға немесе Алматыға арнайы барып, Мұстафа Өзтүріктің жеке заттары мен тарихи мұрасын көруге мүмкіндігі бола бермейді.
Оның пікірінше, бұл құнды жәдігерлер тек ірі қалаларда ғана емес, еліміздің басқа аймақтарында да көрсетілуі керек. Себебі Мұстафа Өзтүріктің мұрасы халыққа, әсіресе жас ұрпаққа рух, күш және шабыт сыйлай алады.
"Аллаға шүкір, еліміз үлкен, жолымыз да алыс. Сол себепті әр адамның Астанаға немесе Алматыға барып, әкем Мұстафа Өзтүріктің тарихи заттарын көруге мүмкіндігі бола бермейді деп ойлаймын. Мен Қазақстанның басқа аймақтарындағы халық пен келешек ұрпақ та бұл мұраны өз көздерімен көріп, одан рух, күш пен шабыт алғысы келеді деп ойлаймын. Сол үшін Қазақстан бойынша көшпелі көрме жақсы шешім бола ма? Мен үшін халқымның пікірі өте маңызды. Сіздер қалай ойлайсыздар? Қай қалаларда көргіңіз келеді?" – деп жазды Неслихан Өзтүрік.