Анама тиесілі саяжайдың аумағына көпбалалы 4 отбасыға үй салып бердім – депутат

Бүгін, 12:15 / Алуа Арман
Кейіпкердің жеке мұрағатынан

«AMANAT» партиясы көпбалалы отбасыларды қолдауды күшейтуде. Осы мақсатты діттеген «Бақытты отбасы» партиялық жобасы бүгінде әлеуметтік қолдаудың тиімді тетігіне айналып отыр. Осы жоба аясында еліміздің әр өңірінде мұқтаж отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету, көпбалалы аналарды жұмысқа тұрғызу, т.б. жұмыс жүргізіліп жатыр. Осындай игі істің бірі биыл Атырау облыстық мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Нұрлыбек Даралиевтің бастамасымен жүзеге асты. Әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы 4 отбасыға жаңа үйлердің кілті табысталды. Аталған үйлер Атыраудың Қайыршақты ауылдық округіне қатысты Көктем ықшам ауданында орналасқан. Бұған дейін олар пәтер жалдап келген. Turkystan.kz сайтының тілшісі осынау игі іске мұрындық болған Нұрлыбек Нұболұлымен аз-кем сөйлескен-тін.

«Өзім осы Атырау қаласында туып-өстім. Анам – мұғалім, әкем – құрылысшы. Геологиялық барлау мамандығын, кейін Халил Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде дене шынықтыру мамандығын оқыдым. Бала кезімнен спортпен айналысқанмын. Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң, жаттықтырушы, бапкер, нұсқаушы, Олимпиада резервін даярлау орталығында әдіскер болып спорт саласында түрлі қызмет атқардым. Отбасымызға ортақ кәсіп бар. Ата-анамызға көмектесіп, жасымыздан кәсіппен айналыстық. Бұрыннан қайырымдылық жасайтынбыз, мұқтаж отбасыларға көмектесетінбіз. Осы дағды сіңіп қалса керек. Көпбалалы аналарға баспана алып беру туралы ой 2020 жылы, пандемия кезінде туындады. Сол жылы туған інім ауырып қалып, ауруханаға алып бардық. Орын жоқ. Сол жердегі қиын жағдайды көріп, он шақты жолдасыммен бірлесіп, ауруханаға көмектесуге шешім қабылдадық. Тамақпен қамтамасыз еттік, Ресейден дәрі-дәрмек алдырдық, ауруханада кезекшілік ұйымдастырдық. Бастапқыда осындай сыртқы жұмысты да  жүргізенбіз. Кейін аурухананың ішіне, қызыл аймаққа кірдік. 100 келілік оттегі баллондарын тасыдық. Адам өлімі көп болды. Мәйіттерді мәйітханаға тасыдық. Баллондарды үшінші қабатқа көтеру, зембілмен адам тасу – әйел дәрігерлерге өте қиын ғой.  Сол кездері қабір қазушылар да бағасын қатты көтеріп жіберді. Қабір қазуға да көмектестік. Он шақты жолдасыммен соңына дейін осы жұмыстың басы-қасында болдық. Қаншама адам көз алдымда жан тапсырды. Сол кезде ауруханада өлім үстінде жатып, «Бала-шағама баспана қалдырған жоқпын, үйсіз қалды ғой» деп жылаған адамдарды көргенде сондай мұқтаж отбасыларға баспана алып беру туралы ой келді», – дейді ол.

Нұрлыбек Нұрболұлы 2022 жылы Президенттің инаугурациясына қатысу мүмкіндігіне ие болып, соңында «Құрмет» орденін алған. Мемлекет басшысының инаугурациядағы бір сөзі оның мұқтаж отбасыларға баспана салып берсем деген ойын одан сайын қуаттай түскен көрінеді.

«2023 жылы Атырау облыстық мәслихатына бір мандатты округтен депутат болып сайландым. Соның алдында ғана, 2022 жылы инаугурацияға барғанда Президенттің «Ел үшін жасалған игі іс – ұрпаққа жетеді» деген сөзі мені артымыздан із қалдыратындай іс жасасақ деген ойға итермеледі. Инаугурациядан кейін, 2023 жылы жазғытұрым уақытта анама тиесілі саяжай учаскесінде төрт үйдің құрылысын бастадым. Оны көрген кәсіпкер достарым көмекке келді. Ол достарымнан бөлек біреу есігін, біреу бояуын арзанға беріп дегендей жәрдемдескен жігіттер болды. Үйлердің әрқайсы 60 шаршы квадраттан. Әкімдіктен үй салуға рұқсат алдық, бәрі заңды. Үйлер газ, су және электр жүйелерімен толық қамтамасыз етілген. Құрылысты биыл, көктемде аяқтап, ол үйлерді төрт отбасына табыстадық. Үй салып қана қоймай, сол округтің әкімін шақырып, сол отбасылардың балаларын балабақша мен мектепке орналастыру, емханаға тіркеу, бос уақыттарында спорт секцияларына беру, аналарын жұмыспен қамту сынды мәселелерді де шештік. Өзім партия құрамында әлеуметтік сала бойынша тұрақты комиссия төрағасы болып жұмыс істедім. Сонда көп адам көмек сұрап келетін. Үнемі тамақ апарып жүргенде жалғызбасты аналармен сөйлесетінмін. Бұл төрт үйді кімге береміз деген сұрақ туындағанда өзім арнайы барып, сөйлесіп, зерттедім. Күйеуі бар немесе құр қол жайып отыратын әйелдерді емес, шынымен көмекке мұқтаж, асыраушысы жоқ, бірнеше жерде жұмыс істейтін, бірақ жалақысы жетпейтін, ерекше балалары бар аналарды таңдадық. Төрт отбасының да бес-алтыдан баласы бар. Аталған отбасылар ол үйлерге енді көшіп жатыр. Себебі балалары бұрынғы мектептегі оқуын аяқтасын дедік. Енді қыркүйекте осы үйдің жанындағы мектептерге оқуға барады. Осы ісіміз жастарға үлгі болса, ал кәсіпкерлердің қайырымдылық жасауға деген ынтасын оятса дейміз», – дейді ол.

Тэгтер:

депутат Баспана мұқтаж отбасы бақытты отбасы көп балалы отбасы Нұрлыбек Даралиев