Норвегияда мектеп экскурсиясы кезінде сирек кездесетін тарихи олжа табылды. Ancient Origins басылымының мәліметінше, оқушы ежелгі викинг дәуіріне жататын қылышты байқап қалған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жасөспірім Хенрик Рефснес Мортведт сыныптастарымен бірге Брандбу аймағындағы жыртылған егістік алқабын аралап жүрген кезде жерден шығып тұрған ерекше затты көреді. Кейін оның сирек кездесетін бір жүзді викинг қылышы екені анықталған.
Мұғалімдер мен оқушылар бірден археологтарға хабар берген. Мамандардың айтуынша, артефакт викингтер дәуірінің бастапқы кезеңіне жатады және оның жасы – шамамен 1 300 жыл.
Археологтар қылыштың өте жақсы сақталғанын атап өтті. Қазір тарихи жәдігер толық зерттеу жүргізу үшін Cultural History Museum of Oslo музейіне тапсырылған.
Мамандар оқушы мен ұстаздарға алғыс айтып, мұндай олжаларды уақытында кәсіби мамандарға беру тарихи мұраны сақтап қалуда аса маңызды екенін жеткізді.