Табиғат аясында көп жүру адамды бақыттырақ етеді – зерттеу

Бүгін, 19:15 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Әлеуметтік психология саласындағы халықаралық зерттеу табиғатта көбірек уақыт өткізетін адамдардың өмірге ризашылығы жоғары болатынын көрсетті. Ғылыми жұмыс Environment International журналында жарияланған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Зерттеуге 58 елден 18 бен 99 жас аралығындағы 50 мыңнан астам адам қатысқан. Бұл – табиғаттың психологиялық әсеріне арналған ең ауқымды зерттеулердің бірі.

Жобаны әлеуметтік психолог Вирен Свами жетекшілік еткен ғалымдар тобы жүргізген. Зерттеу нәтижесі табиғатпен байланыс адамның өз денесіне деген көзқарасын жақсартатынын көрсетті. Ал бұл өз кезегінде өмірге қанағаттану сезімін күшейтеді.

Ғалымдардың айтуынша, мұндай әсердің екі негізгі себебі бар.

Біріншісі – өзін аялай білу қабілетінің артуы. Табиғат адамға ойды тыныштандыратын орта қалыптастырады. Құстардың дауысы, желдің сыбыры немесе жасыл көріністер санаға артық күш түсірмей, тыныш ойлануға мүмкіндік береді. Бұл адамның өзіне жұмсақ әрі мейірімді қарауына көмектеседі.

Екінші себеп – психикалық қалпына келу. Қаладағы шу, адамдар көптігі және тұрақты ақпарат ағыны миды шаршатады. Ал табиғи орта керісінше, зейінді тынықтырып, энергияны қалпына келтіруге ықпал етеді.

Зерттеу авторлары табиғатта серуендеу немесе жай ғана жасыл ортада көбірек болу адамның эмоционалдық жағдайына ғана емес, өз денесін қабылдауына да оң әсер ететінін атап өтті.

Тэгтер:

зерттеу табиғат бақыт