Атыраудағы қанды қылмыс: Күдікті бір отбасын не себепті өлтіргенін айтты

Бүгін, 15:56 / Інжу Әлихан
АқЖайық

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бұрынғы жұбайының төрт туысын өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемалиевтің ісі қаралып жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

АқЖайық басылымының мәліметінше, сотта Сәрсемалиев қылмысқа жұбайының туыстары тарапынан ұзаққа созылған жанжал мен қысым себеп болғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, туыстары отбасы істеріне араласып, жағдайды ушықтырған.

Атырау облысының ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотында Жангелдин ауылындағы отбасы мүшелерін өлтіру ісі бойынша процесс жалғасуда. Басты айыпталушы — Сұлтан Сәрсемалиев, ол бұрынғы жұбайының төрт туысын — қайын енесін, қайын атасын, жұбайының ағасы мен әпкесін өлтірді деп айыпталуда.

Сот отырысында мемлекеттік айыптаушы Мирас Бауыржанов айыптау актісін оқуды жалғастырды. Залда қылмыстардың мән-жайы ғана емес, айыпталушының қылмыстан кейінгі әрекеттері де жария етілді.

Прокурор Сәрсемалиевке тағылған айыптарды жария етті. Оған ҚР ҚК‑нің 99-бабы, 2-бөлігі, 1-тармағы («Екі және одан да көп адамды өлтіру») бойынша айып тағылды. Сонымен қатар, оған ҚР ҚК 188-бабы — «Ұрлық», ҚР ҚК 190-бабы — «Алаяқтық», ҚР ҚК 384-бабы — «Құжаттарды заңсыз алу» баптары бойынша да айып тағылып отыр:

Тергеу нұсқасына сәйкес, туыстарын өлтіргеннен кейін Сәрсемалиев марқұмдардың малын сатып жіберген, олардың банк карталарынан ақша алған және құжаттарын заңсыз иемденген.

Іс материалдарында көрсетілгендей, Сәрсемалиев пен Ақбаян Мұқанғалиева 2022 жылы ресми түрде ажырасқанымен, содан кейін де бірге тұруды жалғастырған.

Тергеу деректеріне сүйенсек, Ақбаян Мұқанғалиева күйеуімен және балаларымен бөлек тұруды қалаған, яғни Сәрсемалиевтің ата-анасынан бөлек өмір сүргісі келген. Ал айыпталушы бұған қарсы болған. Осы тұрмыстық жанжалдардың негізінде ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасы біртіндеп нашарлаған.

Бесінші бала дүниеге келгеннен кейін Ақбаянның денсаулығы күрт нашарлап, сотта айтылғандай, психикалық ауытқулар пайда болған. Осы кезде әйелдің ата-анасы қызын қолдап, жағдайға белсенді араласа бастаған. Айыптау нұсқасы бойынша, бұл Сәрсемалиевтің қайын ата мен енесіне деген өшпенділігін күшейткен. Осы уақытта балалар айыпталушының өз ата-анасының қарауында болған.

Сотта хабарланған деректерге сәйкес, Сәрсемалиев жұбайын бірнеше рет емдетуге тырысқан, тіпті оны Түркияға апарған, алайда емдеу нәтиже бермеген. Осы жағдайдың аясында оның жұбайының туыстарымен жанжалдары жиілей түскен.

Тергеу нұсқасы бойынша, алғашқы құрбан болған — айыпталушының балдызы Наурыз Мұқанғалиев. Прокуратураның мәліметінше, Сәрсемалиев оған жалдамалы үйде асүй пышағымен шабуыл жасаған. Алған жарақаттарынан ер адам оқиға орнында көз жұмған.

Айыптау деректеріне сәйкес, туысын өлтіргеннен кейін Сәрсемалиев марқұмның атына 4 миллион теңгеден астам несие рәсімдеген.

Қылмыстың ізін жасыру үшін, тергеу нұсқасы бойынша, Наурыз Мұқанғалиевтің денесі үйдің ауласында көмілген.

Айыптау актісін оқып болған соң мемлекеттік айыптаушы Мирас Бауыржанов басты сот талқылауына көшу туралы өтініш білдірді. Осыдан кейін сот айыпталушының өзіне сөз берді.

Айыпталушы сотта жұбайының туыстары олардың отбасылық қарым‑қатынасына араласып, жағдайды ажырасуға дейін жеткізгенін айтты. Оның сөзінше, отбасына түрлі қысым мен қоқан-лоққы жасалған, ал өзі қылмысқа отбасыны сақтап қалу үшін барғанын мәлімдеді. 

Сонымен қатар, Сәрсемалиев жасаған ісі үшін кез келген жазаға дайын екенін, соның ішінде ең ауыр жазаға да қарсы еместігін жеткізді.

Сотта белгілі болғандай, айыпталушы істің алқабилердің қатысуымен қаралуынан бас тартып, процесті кәсіби судья жүргізуін сұрады.

Айыптау актісі толық оқылғаннан кейін Сәрсемалиев өзіне тағылған айыптармен және жүргізілген сараптамалардың нәтижелерімен келісетінін растады.

Соңында прокурор айыпталушының кінәсін толық мойындағанын, жасаған ісіне өкінетінін және өз әрекеттерінің салдарын түсінетінін атап өтті.