Қорғаныс министрі әскерлердің жауынгерлік дайындығын күшейтуді тапсырды

Бүгін, 12:08 / Інжу Әлихан
Қорғаныс министрлігі

Алматыдағы Құрлық әскерлерінің әскери институтында авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың төрағалығымен ведомствоның кеңейтілген алқа отырысы өтті. Жиын 2026 жылғы қысқы оқу кезеңінің қорытындысына арналды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қорғаныс министрі әскерлердің жауынгерлік, жұмылдыру дайындығы мен жауынгерлік қабілетін, олардың техникалық жабдықталуын, сондай-ақ басқару және дайындық процестерін цифрландыруды одан әрі жетілдіру қажеттігін атап өтті.

Ол сондай-ақ, армияны заманауи қару-жарақпен және әскери техникамен, әсіресе әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерімен, ұшқышсыз басқарылатын аппараттарымен, артиллериямен, зымыран кешендерімен және оқ-дәрілермен жарақтандыру, сонымен қатар әскерлер мен қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындарында техниканы жөндеу қарқынын арттыру басым бағыт екенін атап өтті.

Қорғаныс ведомствосының басшысы әскердегі қызметтік тәртіпті күшейту, кадр саясатын жетілдіру, әскери қызметшілерді әлеуметтік қамсыздандыруды жақсарту және әскери қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігіне де тоқталды.

Қысқы оқу кезеңіндегі әскерлердің жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігі туралы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров баяндады. Ол жеке құрамды оқыту әдістемесіндегі жаңа тәсілдерді ортаға салды. Бұдан басқа жауынгерлік даярлық бағдарламасының түбегейлі қайта қаралғанын, оның ішінде бірыңғай атыс курсы мен жалпыәскери пәндер бойынша жаңа нормативтер әзірлеуді, командирлік дайындық форматын жаңартуды және «Бес қару» бағдарламалық модулін енгізуді көздейтін жоспарларды айтты.

Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабековтің баяндамасы профилактикалық жұмыстарды ұйымдастырудағы жүйелі тәсілдерге, тәртіпті нығайту, әскери қызмет қауіпсіздігі және әскерлерді моральдық-психологиялық тұрғыдан қамтамасыз ету мәселелеріне арналды.

Әскердің техникалық жарақталуы туралы Қорғаныс министрінің қару-жарақ және әскери техника жөніндегі орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев баяндама жасады. Ол техниканы жауынгерлік дайын күйде ұстауды, оны «Батыл тойтарыс-2026» оқу-жаттығуына сапалы дайындауды, сондай-ақ қару-жарақ пен оқ-дәрілердің қауіпсіз сақталуын қамтамасыз етуді басым міндет ретінде атап өтті.

Алқа отырысының қорытындысы бойынша Қорғаныс министрі әскерлердің жауынгерлік қабілеті мен әзірлігін одан әрі арттыру, қару-жарақ пен техниканы ұқыпты ұстау, моторесурстар мен оқ-дәрілерді тиімді жұмсау, Қарулы күштердің ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту жөнінде бірқатар міндеттер қойды.

Жиын соңында Қорғаныс министрі алқа отырысына дейін Алматы және Қонаев гарнизондарының полигондарында басқарушы құраммен өткен оқу-әдістемелік жиындардың мазмұнына баға берді.