18 мамыр – Халықаралық музей күні

Бүгін, 10:35 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Халықаралық музей күні – адамзаттың мәдени және тарихи мұрасын сақтап, келер ұрпаққа жеткізіп жүрген музей қызметінің маңызын айшықтайтын ерекше мереке, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұл атаулы күнді Халықаралық музейлер кеңесі 1977 жылы бекіткен.

Қазір музейлердің қызметі тарихи мұраны сақтаумен ғана шектелмейді. Олар ғылыми зерттеу, мәдени-ағарту және білім беру бағыттарында да маңызды рөл атқарады.

Айта кетейік, бүгін Халықаралық музейлер күніне орай дәстүрлі «Музей түні – 2026» мәдени-танымдық акциясы өтеді. Биылғы акцияның тақырыбы – «Әрқилы әлемді бір арнаға тоғыстырған музейлер».

Ауқымды мәдени іс-шара музейлердің мәдени мұраны сақтау, тарихи сананы қалыптастыру және қоғамдық диалогты дамытудағы рөлін айқындауға бағытталған. «Музей түні» – тарих пен мәдениетті заманауи форматта дәріптеп, келушілерге музей кеңістігін жаңа қырынан танытатын ерекше мәдени алаң.

Іс-шара аясында музей түнгі келушілер үшін ашық болып, дәстүрлі экскурсиялармен қатар интерактивті бағдарламалар ұйымдастырылады. Қонақтар театрландырылған қойылымдарды тамашалап, шеберлік сабақтарына қатысып, тарихи кейіпкерлермен жүздесу арқылы өткен дәуірдің атмосферасын терең сезіне алады.

Акцияның негізгі мақсаты – халықтың тарихи-мәдени мұраға қызығушылығын арттыру, музейлердің қоғамдағы беделі мен маңызын күшейту, сондай-ақ ұлттық мәдени құндылықтарды кеңінен насихаттау.

«Музей түні – 2026» іс-шарасы 2026 жылы 18 мамыр күні сағат 09:00-ден 23:00-ге дейін бірнеше бағыт бойынша ұйымдастырылады.